Өлеңдер ✍️

  16.11.2021
  121


Автор: Кеңшілік Мырзабеков

Бір қарлығаш

Бір қарлығаш қонды кеп,
Тереземнің түбіне.
Неге жалғыз қалды деп
Жаутаңдаймен түріне.
Қанатыңмен су сеуіп,
Қайырымсыздық көрдің бе?
Іздей-іздей бір серік,
Ізін тауып келдің бе?!
Қабақтағы неткен мұң,
Жанардағы неткен наз?
Иә, бәсе, өткен күн
Мұң ба бәлем, өткен жаз?
Кел, кіре ғой бөлмеме,
Қорықпа мұңнан, мұңдаспыз.
Құс секілді пенде де,
Жалғыз жүрмей тұрмаспыз.
Жалғыз кейде қалғанда
Жабырқама, торықпа!
Жалғыздар көп жалғанда,
Жамандықтан деп ұқпа.
Кел, кіре ғой бөлмеме,
Дедім ойым дөп түсіп.
Қанатты құс пенде ме,
Лып етті де, кетті ұшып.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу