Өлеңдер ✍️

  16.11.2021
  157


Автор: Кеңшілік Мырзабеков

Баламын әлі

Баламын әлі...
Басымда менің көп қиял,
Басымды ертең тауға да, тасқа соқтырар.
Заманның жал-жал толқынына да лақтырар,
Суығына да, салқынына да тап қылар.
Баламын әлі...
Бәрінен әзір бейхабар,
Тіршілік заңы бұлжытпай бәрін қайталар.
Қиялдың бәрі шындыққа қарай ойысып,
Сарыауыз сана сарғаяр дағы, шайқалар!
Баламын әлі...
Баланың бәрі бір емес,
Көз алдыма көлбеңдей берді бір елес.
Көктемнің бәрі дөп келгенімен, жылы емес,
Беткейдің бәрі көгергенімен, гүл емес.
Баламын әлі...
Аңғарып соны қалам-ау,
Күн шайдай ашық.
Қар жауып кетсе тоңам-ау.
Алмасулардың, жалғасулардың астарын
Аңғарып қалдым, себебін, сірә, табам-ау.
Баламын әлі...
Басымда қиял, көп үміт,
Бәрі де маған оттан да ыстық көрініп.
Өзіммен өзім.
Ойымнан өмір өріліп,
Қиялмен жеңіл, қиялдан ғана жеңіліп,
Баламын әлі, баламын әлі, баламын,
Бауырыңа, өмір, енемін, міне, емініп.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу