Өлеңдер ✍️

  15.11.2021
  152


Автор: Кеңшілік Мырзабеков

Уақыт

Кеше бала ек, бозбала ек бозда ойнаған,
Уақыт қалай құйындай көз байлаған.
Адам қанша жаңылсын, жазғырылсын,
Зымырайды уақыт жазбай заңнан.
Адам – пенде, жазар да, жаңылар да,
Тауы тасқа мұқалып шағылар да.
Құлар, жылар, сүрініп қайта тұрар
Адам деген аты мен ары барда.
Адам – пенде, қайғырар, қуанар да,
Тағдыр сыйын тайсалмай қарсы алар да,
Ойлап тауып мың айла, мың шарғыны
Уақытқа таба алмас бір амал да.
Уақыт жазбай, жаңылмай ағар тынбай,
Буыменен арбаған сары алтындай.
Тіршілік те тұрмайды бір орнында,
Зымырайды орнында заман тұрмай.
Тербейді уақыт бесігі ұлы өмірді,
Ұйықтатады оятып біреуіңді.
Уақыт үнсіз қаусырған құшағына,
Тілеуіңді бергір ғой, тілеуіңді!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу