Өлеңдер ✍️

  15.11.2021
  138


Автор: Кеңшілік Мырзабеков

Топырақ

(ағам Қамиқанға)
...Туған жер, саған тағы да, міне, оралдым,
Қайтқан бір қаздай қоңыр төбеме қонармын.
Қоңыр төбеме қоңылтақсып бір қарармын,
Қабірін көріп былтырғы қайтқан ағамның.
Қоңыр төбеден бір уыс топырақ алармын,
Көз жасыма илеп, басыңа барып салармын.
Алаңсыз, қамсыз жатқаны қалай, мен үшін
Өзегін жарған өмірімдей қымбат адамның.
Өткеннің бәрін көрген бір түстей шолармын,
Көзімнің алдын көрсетпей жасқа шылармын.
Бәрі де елес. Өткен бір өмір – мұнардың
Мұхиттай шексіз мұңына малтып тұрармын.
Өткеннің бәрін көрген бір түстей шолармын,
Тұтанып өзім тұтастай іштей жанармын.
Сынық ай салған сынық сүйем тас алдында
Дәрменсізін-ай жүректің, мидың, жанардың.
Туған жер, саған тағы да, міне, оралдым,
Басына бардым былтырғы қайтқан ағамның.
Сыздады орны жарамның,
Көз жасыма илеп тағы да
Бір уыс топырақ салармын,
Салармын да, үнсіз қалармын.
Айырып тұрған топырақтан
Амал не, бірге жаралдым...




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу