Өлеңдер ✍️

  15.11.2021
  155


Автор: Кеңшілік Мырзабеков

Тал түсте шырқаған торғай

Біздің жаққа бұлт аумай, жаңбыр жаумай құрғап тұр,
Күнде шығып күлән күн, көп бояуды ұрлап тұр.
Бір бозторғай төбеге қақырық түтер мезгілде
Боз көдеден биіктеп буынғандай жырлап тұр.
Жалғыз торғай жырлап жүр, жалқы аспаны тыңдап тұр,
Сауырын созып селт етпей сұлық жатыр сұңғақ қыр.
Сай-сүйегі сырқырап барады босып боз бұлттар,
Бей-жай бір кезде бейсауат шырқырауын-ай, тіл тапқыр.
Қарлығып шыққан құс даусы – қайраққа салған ұстара,
Қайрап қалдырған өткірлік бұйырады екен құсқа да.
Қарашықтай құс қажып кеп, қанаты талған кезінде
Қаймықпай кіріп кетердей уантып ұстар уысқа да.
Үніне сенген үмітпен аңқасы кепкен қырларға
«Ақ жаңбыр қашан төгер» деп жүйкесі құрып тұрғанда
Қара жер шөлдеп жатқан соң, шырылдап құйттай бейбіт құс
Арбаған жылан аузына жем боп түсіп тынғанда,
Жабырқап қалар жалған да...




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу