Өлеңдер ✍️

  15.11.2021
  348


Автор: Кеңшілік Мырзабеков

Он жеті жастан, он сегіз жастан сүйгенмін

Он жеті жастан, он сегіз жастан сүйгенмін,
Жиырма бес ерек...
Отызда бөлек күйге ендім,
Отыз бесте де, қырық бесте де сүйгенмін,
Сүйе беремін қурап қалғанша сүйегім.
Сүйгеннен ернім жұқарса, мейлі, жұқарсын,
Сүйгеннен жүйкем жұқарса, мейлі, жұқарсын,
Сүйгеннен көңілім мұқалса, мейлі, мұқалсын,
Сүйгеннен өмірім қысқарса, мейлі, қысқарсын.
Тек сүйсем болды, минут па, әлде мәңгі ме?
Ұзағында ма, қысқасында ма әңгіме?
Дәнінде емес пе, дәмінде емес пе әңгіме,
Мәңгі есте қалар мәнінде емес пе әңгіме?..
Машақаты мен мұңында емес пе сыры, ізі,
Буынға түскен уында емес пе уызы?..
Мұңнан да рақат, удан да уыз ұюы,
Сол емес пе екен адамды адам сүюі?..
Сондықтан сүйем, сол үшін сүйем сонша көп,
Мұңнан да рақат, удан да уыз тамса деп.
Сүйе алмай налып болғаным да бар сонша әлек,
Сүйіп те қалып, күйіп те қалдым қанша рет.
Сонда да сүйем, сонда да сүйе беремін,
Бәріңді сүйем, бәріңді иеленемін.
Сүйе беремін, сүйе де сүйе шаршасам,
Махаббатыма маңдайды сүйеп өлемін.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу