Өлеңдер ✍️

  15.11.2021
  425


Автор: Кеңшілік Мырзабеков

Қырық жаста келіншек, қырық жаста

Қырық жаста келіншек, қырық жаста.
Қырық жаста әйелде ғұмыр басқа.
Қырау, қылау, бозқырау шалығына
Бұл жаста әйел үсімес, ұрынбас та...
Бұл жаста әйел болғанмен қанша нәзік,
Үйренеді сәл тоңып, сәл тоңазып.
Қол байлаған тірліктен мойны босап,
Азаяды зіл батпан арқада жүк.
Қыз бойжетіп, ұлы да тұр ержетіп,
Төрт құбыла қалғандай түгел бекіп.
Әкесі енді дүниені дүрмек етіп,
Баяғыдай жүрмейді түнделетіп...
Жүрек емдеп немесе бүйрек емдеп,
Үйден ұзап шықпайды күйбелеңдеп.
Ал бұл болса дені сау, бойы сергек,
Мезі етеді бір сарын үйдегі ермек.
Той-думанға, қонаққа бара қалса,
Жүзінен нұр тарқамай, тарағанша,
Би билейді дөңгелеп, ән айтады
Шаршағанша, әуені жарағанша...
Бұл жаста әйел ынжық та ұяң емес,
Бұл жаста әйел шындық қой, қиял емес,
Бойжеткендей ішінен бір булықса,
Болмысы ғой...болмысы зиян емес.
Бұл жаста әйел ойнаған қолда алтындай,
Алтын құрғыр арбаусыз болмайтындай.
Қорқады өзін біреулер арбайтындай,
Қорқады өзін біреулер қорлайтындай,
Қорқады өзі. Қорқады, қорықса да,
Көзге түспей, әйтеуір, қалмайтындай...




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу