Өлеңдер ✍️

  11.11.2021
  911


Автор: Кеңшілік Мырзабеков

Қырық бірінші жылғы келіншек немесе жазушы Шерхан Мұртазаевқа сыр

Сол келіншек сенің жеңгең, менің шешем еді ғой,
Сенің барың, менің барым көңіліне сеп еді ғой.
Сен аяушы ең, мен аяушы ем, ол аяйтын біздерді,
Бұл сезімді кеудемізден өмір көсеп еді ғой.
Бұл сезімді кеудемізден өмір көсеп, жылындық,
Аяулы өмір аяй білсе, тәтті екенін ұғындық.
Енді, міне, өтті бәрі, әттең, ғұмыр өтеді-ау,
Ал, әйтпесе, қайғы да жоқ, бақыт та жоқ ғұмырлық.
Енді, міне, өтті бәрі...Үшеуміз де жетілдік.
Сенен, менен, одан-дағы кетті, әрине, жетімдік.
Екі еркекпіз, бір әйелміз – үш ұрпақпыз және де
Аяп өскен бірін-бірі кешсек-тағы не тірлік.
Ол, әрине, шашы қудай, бетіне әжім түсті ерте,
Сенің-дағы балалығың бір жалт еткен түспен тең.
Мен кеңшілік күндерде өстім, еркіндігім құспен тең,
Әке көрмей, көке көрмей алғаныммен іштен дем.
Сен алдыңда жеңгеңді аяп, артыңдағы ініні,
Ал ол болса біздерді аяп жібіді де, иіді.
Өзіңді аяп тұрғандарды аяу екен, қиыны,
Үштік одақ едік біздер – аяулы өмір түйіні.
Қаяу көрген, аяй білген үштік одақ біз едік,
Қайырым үшін, мейірім үшін саппен санат түзедік.
Енді, міне, өтті бәрі...Ғұмыр шіркін өтеді-ау,
Қаяу көңіл, аяулы өмір біткенінде мұзы еріп.
Бәлкім біздер көп қиындық көріп өскен соңғымыз,
Өткенді ойлап келеді, рас, соңғысы да болғымыз.
Адамзатты мәңгі десек, табиғатқа теңесек,
Не болады еріп кетсе мәңгі мұхит – мәңгі мұз?
...Бір келіншек, бір бозбала, бір ерқара – ер бала,
Бірі – кемпір, бірі – азамат, енді бірі болды аға!
Енді, міне, бәрі бүтін, ғұмыр да әзір тұр жетіп,
Өтіпті өмір...
Кетік көңіл...
Бататыны сол ғана.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу