Өлеңдер ✍️

  11.11.2021
  123


Автор: Кеңшілік Мырзабеков

Жалғыз келіншек

Балабақшаға барады жалғыз келіншек,
Баласын күнде алады жалғыз келіншек.
Сәбиі кешке томпиып ерте ұйықтайды,
Томсарып өзі қалады жалғыз келіншек.
Қаланың үйі – қарауытқан төрт қабырға,
Көшені әбден тыныштық басқан шағында,
Тылсым бір күш кеп басады мұны иықтан,
Қашады ұйқы, қалмайды дегбір жанында.
Ұйқыдан тәтті тұрғысы келіп, тұра алмай,
Тұрады ертең буыны құрып бұраудай.
Жұмыста мұның сыртынан сөздер борайды:
– Бейшара-ау, – дейді, – беті-аузы неге бұлаудай?...
Сыбырдың бәрін сезеді ол да сыртымен,
Жалғызбастыға жабысқақ ғайбат ілкіден.
Жұмыс бабында жымиып қойған болады,
Көздегі мұңды көмгісі келіп күлкімен.
Көздегі мұңын көмгісі келер күлкімен,
Іштегі құмай арбасып сыртқы түлкімен,
Өткен қызықты ойлайды ынты-шынтымен
Алдында бар ма?..
Жиырылар жаман кірпіден.
Өзегін өртеп өткендей болар бір уыт,
Өткендей болар жүректің қылын суырып.
...У тиген жерде сабағы қалған үгіліп,
Тамыры тірі келеді бір гүл тіріліп.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу