Өлеңдер ✍️

  11.11.2021
  125


Автор: Кеңшілік Мырзабеков

Бауыржан Момышұлымен қоштасу

Айтшы, қайысты ма қабырғаң?
Қалай екен хас батырдан айырылған?!
Қайысты ма қабырғаң,
Қалай екен айырылған –
Дүбірлеген дабылдан,
Дәуірлеген айбыннан.
Намыстанса – найзағай,
Найзағайы жай буған.
Еркелесе еліне,
Құлашы кең жайылған.
Тек дұшпанға оқ атқан,
Достары үшін ой қуған.
Қара нөсер үйіріп,
Құйып-құйып алатын.
Ну ормандай бұйығып,
Күрт түйіліп қалатын.
От пен судан жаралған,
Отаны үшін жанатын,
Бірақ аман қалатын,
Биік шыңға қанатын
От жалатып қағатын.
Соғыс салған жарасын,
Жолбарыстай жалайтын.
Алдарқатып санасын,
Жазылғанға санайтын.
Ол – солдаты сананың,
Ол – солдаттың серісі,
Өрісі мен жеңісі,
Шегінісі, еңісі,
Тегі менен тең ісі
Болды бақыт елі үшін.
Ол сен үшін, мен үшін,
Арнады бар жеңісін.
Жанарында сөніп бітпей, жанып кеткен мұңы бар,
Ақ қағазға жазып бітпей, алып кеткен сыры бар,
Арманы бар Ер үшін,
Айтшы, халқым, қайысты ма қабырғаң,
Қалай екен хас батырдан айырылған?
Айтшы, халқым, айтшы, халқым, жарылшы бір ағыңнан
Батыр туған халықпыз ғой тұлпарлардың жалында,
Батыр туған халықпыз ғой революция – дабылда,
Батыр туған халықпыз ғой оттта, суда, дауылда,
От-жалынды майдандар мен бейбіт күннің бабында.
Айтшы, халқым,
Бауыржаның – бауыр етің, батырың ед ол қандай?
Орны қандай жүрегіңде, кейп
і қандай келешекке қалғандай?
Келер ғасыр келбетіне, қарар ма екен таңданып,
Мылтық атқан соңғы комбат
...аңыз болып қалғандай.
Мылтық атқан соңғы комбат,
Соғыс көрген соңғы солдат,
Аңыз болып қала ма?!
Сол аңыздың бас Батыры – Бауыржандай бауыр етің бола ма?!
Айтшы, халқым, енді соғыс болмайтыны рас қой,
Енді рас қой, атыспаймыз окоптар мен обада,
Енді рас қой, Бауыржан да екінші рет тумасы,
Әлден аңыз...Бауыржанның тумысы мен тұлғасы.
Музей мүлкі күні ертең-ақ –
Бауыржанның қылыш салған қынабы
Ертең елес – Волоколам тас жолы мен
Жуалының жылғасы
Соғыс – шындық,
Жеңіс – шындық,
Ерлік – шындық, ендеше,
Ерлік жасау мүмкін емес Ер еліне сенбесе.
Айтшы, халқым, күні ертең-ақ келер ұрпақ сағынбай ма Баукеңді?!
Шындық – ерлік, Ерлік – шындық шөліркетсе, шөлдесе.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу