Өлеңдер ✍️

  11.11.2021
  187


Автор: Кеңшілік Мырзабеков

Адам еркі

Адам еркі тағдырдың ырқында ма,
Тағдыр қысып, қымқырып, қымтуда ма?
Нала-мұңы жұғатын сыртында ма?
Бақыт-бағы кілттеулі құлпында ма?
Нала-мұңы неліктен бізге үйірсек?
Бақыты ғой аңсайтын біз күйінсек.
Тағдыр дейміз сапарды бір қиыр шет,
Тағдыр дейміз талқыны бір бүйір сот.
Тағдыр,тағдыр...
Кейде ол күндей жарық,
Жүрегіңді жүргені бірге айналып.
Бірге күліп өзіңмен, бірге ойланып,
Міне, осылай жүресің тағдырыңнан
Бір мұқалып, жұқарып, бір қайралып.
Дей алмаймын біз оның ырқындамыз,
Айтайын ба, айтайын, сыр тыңдаңыз:
Найзағайдай жарқылдап ойнағанбыз
Төніп келген тағдырдың бұлтында біз.
Тағдыр – тәлкек, жасқанып бұқпаласаң,
Тағдыр – талқы, талқыға тік қарасаң,
Бұқпалау мен тік қарау – жүрек ісі,
Жүрек ісі бола ма құптамасаң?!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу