Өлеңдер ✍️

  11.11.2021
  130


Автор: Кеңшілік Мырзабеков

Тәуелді болғым келеді

Махаббат деген – жүрек пен мидың «шаруасы»,
Жүрек пен мидың бағасыз сиқыр саудасы.
Келеді бітпей, келеді жүріп мәңгілік
Мәңгілік бітпес бітімнің басы, дау басы.
Махаббат іздеп өтеміз біздің бәріміз,
Маңдайға жазған тағдырымыз сол, заңымыз.
Махаббат болып айналып бойда қанымыз,
Махаббат болып тататын татар дәміміз.
Алмасып жатыр, ауысып жатыр күнбе-күн,
Махаббат шығар жылағаның да күлгенің.
Махаббат шығар жинаған дүние тірнегің,
Махаббат шығар тәтті үміт күтіп жүргенің.
Осының бәрін Махаббат еді демей-ақ,
Махаббатты іштей тәтті бір түстей аялап.
Махаббат іздеп өтеміз біздер мәңгілік,
Қалғандай оған, мінеки, міне, таяу-ақ.
Мәңгілік іздеп, мәңгілік үзбес күдерді,
Махаббат бізге салған бір бұғау шідерді.
Махаббатқа адам тәуелсіз қалған кезінде
Сыпырып таста адамдық, ардан жүгенді.
Махаббат, сенің сәулеңді көргім келеді,
Сәулеңді көрген әуелгің болғым келеді.
Тәнім мен жаным, санам мен ойым тәуелсіз,
Махаббат, сенің тәуелдің болғым келеді.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу