Өлеңдер ✍️

  07.11.2021
  5754


Автор: Ершат Қайболдин

ДОСЫМ

Досым, қашан келесің ауыл жаққа,


Әлде сенде дос жоқ па, бауыр жоқ па?


Кеудеңдегі жұмыр ет – жүрек емес,


Тастан қатты, темірден ауыр зат па?


Сол баяғы қалпында мектеп, көшең,


Келмей-ақ қой «қатыным көкбет» – десең.


Итке тастай саламын ойланбастан,


Сыбағаңды тезірек жеп кетпесең.


Келші, досым, сөйлесіп, сырласайық,


Бір жасарып қалайық, бір жасайық.


Көңіл – көйлек емес қой кірлегенде,


Аппақ қылып алатын суға шайып.


Досым, әлі дүние жаңарады,


Суымасын сыйластық арадағы.


Ауылдағы достарын ұмытпасын,


Достарыңа сәлем айт қаладағы.


Керім жұмыс қалада, керім ұйқың,


Ауылға кел, ер болсаң еңірейтін.


Көршілерден жуынды ішкенімен,


Үйшігіне қонады менің итім!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу