Өлеңдер ✍️

  06.11.2021
  92


Автор: Кеңшілік Мырзабеков

Мама қаз немесе Мариям Хакімжанова туралы жыр

Мама қаздай Мариям апай – мамамыздай Біздердің,
Ақын жыры – ана сүті –
Әлдилеген санамыздай Біздердің.
Айналайын тегіңізден түзде өскен түбіріндей дүзгеннің,
Айналайын есіңізден
адаспаған арасында қиыр-шиыр іздердің.
Айналайын апатайым, тағдырыңды түсінем,
Ақындықтың аруағы үшін алаң болмай
пенделіктің ісімен.
Кішілерден кіші болған кездеріңді түсінем,
Алыптардан именбей-ақ қатар тұрып,
қатар айтқан сөздеріңді түсінем.
Мама қаздай керуен бастап, ұшқан ұзақ сапарың,
Ақын құс қой, ақын апа,
Біледі жұрт ұшу заңы қаталын.
Ұшпаған соң ойлайды жұрт: «Ұшу деген рахат!»
Ұшып көрсін, құлап көрсін,
Аямайық! Алсын сосын дүрілдеген атағын.
Ақын құс қой, айтшы, апатай,
басына бақ қона салған кенеттен,
Жылы жақта жүре ме екен жанын күтіп қыста ол?
Алтын құс па, айтшы, апатай,
Басына бақ қона салған кенеттен,
Астына тақ сала салған
әлдекімдер көпшік етіп себеппен.
Жоқ, әрине!
Олай емес, олай емес, емес екен, о, тоба!
Баққа, таққа әуелден-ақ жоламапсыз, жолама!
Табиғатың талант берсе, тағдыр берер Заманың,
Келсе өзі, қонса өзі, қарсы алмасқа бола ма?!
Әдетіңіз бізді кейде еркелете қамшылау,
Сәл лепірту, сәл тұқырту, сәл мадақтап, сәл сынау.
Әттең, апа-ай, ақынсың ғой, әкім болсаң егерде
Қара қылды қақ бөлетін әділ қазы жансың-ау.
Мама қаздай Мариям апай – мамамыздай Біздердің,
Біз, ақындар, сәл лепірсек –
түсетұғын сабамыздай Біздердің.
Ардақты апа, аман-сау бол, жүзін көрші жүздердің.
Біреулермен салыстырсам, бір күні
Басып кеткен ізіңді де іздермін.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу