Өлеңдер ✍️

  06.11.2021
  123


Автор: Кеңшілік Мырзабеков

Келді шешем алпысқа

Келді шешем алпысқа,
Мен қырыққа тақаумын.
Шешем елде – алыста
Мен қалада.
Отаумын.
Қара шаңырақ орнында
Отыр шешем қалқайып.
Үлкені елде, мен мұнда,
«Қос қараға» марқайып.
«Қос қарасы» – екі отау,
Бір-бірінен тұр бөлек.
«Тағдыр бөледі екен-ау,
Өсірсең де бір бөлеп...»
«Ауылдағы ұл уайым –
Ылғи алыс сапарда».
Қаладағы ұл уайым –
Қосылды ма қатарға?
Ауылдағы ұл уайым –
Ел басқарар қалпы жоқ.
Қаладағы ұл уайым –
Дақпырты бар, даңқы жоқ.
Деп ойлайтын күн артта
Қалды кәзір «о, тәуба!»
Немере көп, бірақ та
Екі бөлек отауда.
Екі уайым, екі үміт
Түсіп талай шарпысқа.
Кетті ұлдары жетіліп,
Келді шешем алпысқа.
Келді шешем алпысқа,
Бара жатыр жүдеп тым.
...Немерелер әр тұста
Тамырындай жүректің.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу