Өлеңдер ✍️

  06.11.2021
  143


Автор: Кеңшілік Мырзабеков

Балалық шақпен жолығу

Түсімде түнде балалық шақпен жолықтым,
Жорытқым келді, жоруға өзім қорықтым.
...Баяғы біздің құм шетіндегі қыстауға
Қаршадай бала қорықпай жалғыз келіппін.
Қыстауда жан жоқ.
Қалыпты қыстау қаңырап,
Қыстаудың көңін басыпты саңырауқұлақ.
Қыстаудың шымын қарлығаш шұрық тесік қып,
Салыпты ұя, ұшып жүр содан жамырап.
Іргесін үйдің індікеш қаптап кетіпті,
Терезесіне өрмекші торын тоқыпты.
Қышпенен өрген мұржаның тозаң, ысынан
Танауым менің таныды таныс тотықты.
Шаңыраққа салған Тосынның қызыл жидесі
Морт сына жаздап, мертігіп біткен шүйдесі.
Ойлаймын іштей: «Жиденің бар ма киесі,
Әйтпесе мынау қыстаудың бар ма иесі?..»
Жиденің анау шытынап біткен жерінен,
Суалған малға шарана төлдей теліген
Уызға құмар уылжып үш-төрт көк тамыр
«Табиғат заңы – тіршілік» дейді демімен.
Зым-зия інге ысқырып жылан зу етті,
Шым ұя, міне...Балапан бір топ шу етті.
Түсім ғой менің, сәбилік жүрек зу етті,
Ересек денем орнында ұстап жүректі...
Оянып кеттім.
Оянып кетсем, түс бәрі,
Жоруға келмес көріністер көбі ұшқары.
«Түсіңде қорықсаң, қуанасың» деп жатушы ед,
Жориын енді.
Өңімде болғай ұшпағы.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу