Өлеңдер ✍️

  06.11.2021
  114


Автор: Кеңшілік Мырзабеков

Шалғындар әбден орылып, орны қалған мезгілде

(Серікке)
Шалғындар әбден орылып, орны қалған мезгілде
Шашадан шыққа малынып, қоңыр қырларды кездің бе?
Тозбаған жердің топырағы жатыр ма екен бозарып,
Туған жеріңді осы сәт сағынғаныңды сездің бе?!
«Айнакөл» жақтан алқынып, жел соққан кезде бір бұла
«Жалғыз жиденің» бұтағын сілкілеп барып тынды ма?
Шиырлап әкең кеткен соң алақандай бір сор құмды,
Құйындап көп жыл өткен соң табаның басып тұрды ма?
Арасында сен тұрдың ба күп-күрең тобылғылардың,
Баяғы таныс бозторғай берді ме шырқап сұңғыла.
Табаның басып тұрды ма қапшықпен апаң қи терген,
Кебісі тозған үйкелген, үр жаңа жап-жас қырды да?
Жанарың ғашық тұрды ма қадалып күздің кешіне,
Көзіңнен бұл-бұл ұшқандай балалық түсіп есіңе.
Қанаты қатқан қос үйрек қол созым көлге қош айтып,
Қатарласа ұшты есіле, қарадың неге тесіле?!.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу