Өлеңдер ✍️

  06.11.2021
  273


Автор: Кеңшілік Мырзабеков

Төлеутайдың төрт қызы

Соғыс бітіп, солдат келіп жатқан кез,
Ел мейрамға, ен мейрамға батқан кез.
Бізге көрші Төлеутайдың төрт қызы
Бойжеткен кез шеттерінен боп кербез.
Он сегіз бен жиырма бестің арасы,
Төртеуінің тетелес жас шамасы.
Бірін-бірі жетілмей ме жетелеп
Қатар өскен қыз баланың санасы?..
Әрі соғыс, бес жыл көрген қайғы да
Ерте оятып есейтпеске қойды ма?..
Жұрт айтатын: «Кетпей ме енді, қашанғы
Төлеутайдың мінбек бұлар мойнына».
Ал Төлеутай:
– Оттамасын ел түге,
Не істесе де өздерінің еркіне...
Жетем, – дейтін, – төрт ботамды төбеме
Көтерем деп соғыста айтқан сертіме.
– Балаң нешеу? – десе, Төкең мақтанып,
Төртеу деуге тұрады ылғи оқталып.
Кейде бірақ өкінетін өлердей:
– Төртеуі де нашар бала, – деп қалып.
Құнықпаған, құмартпаған түсімге,
Ағаш ұста, мықты Төкең ісінде.
Сондықтан да төрт бойжеткен әзірге
Төрт көнетоз бөз көйлектің ішінде.
Төкең кейде трофей ішіп лепіріп,
Соғысты айтып демінен бір от ұрып,
Келген кезде кемпіріне кейитін:
– Біздің Ұлдай қалды ғой, – деп, – отырып.
Одан соңғы Ұлжаны мен Ұлмекен,
Біп-биязы, мінезі жоқ бір бөтен.
Жаутаң-жаутаң қарайды апаларына,
Бақты байлап, жол ашпай сол жүр ме екен?..
Кенже қызы, сайтан алғыр, Ұлбала,
Сайтан алғыр, қарайды бір ұрлана.
Әке-шеше, апалардан сытылып,
«Ақсүйекке» сол кетеді түн бола.
Сайтан алғыр, қылығы оның құйындай,
Қарамайды-ау, қадалмай да қиылмай.
Төлеутайдың шаңырағына кенже қыз
Табиғаттың тартқан оқшау сыйындай.
Төрт-бес рет құда келді бұл үйге,
Тілек айтып сөз келгенде иінге,
Келді бәрі, кетті бәрі, дәмесі
Кенже қыз боп бүлкілдеген бүйірде.
Үлкен қызға қалды отызың жуық кеп,
Ортаншылар жігіттерді жіліктеп
Санағанмен, жиырма мен отыздың
Ортасында жібі түзу жігіт жоқ.
Біреу шолақ, біреу молақ, бірі ақсақ,
Күйеу іздеп қызға әдет жоқ қыр аспақ.
Жегідей жеп бітті Төкең кемпірін,
Абысын-ажын сөзге келсе тілі ащы-ақ.
...Жер ошақтан тік-тік түтін көкті іреп,
Мамыражай тағы бір кеш жетті кеп.
Сол кезде ауыл, бүкіл ауыл шу етті:
– Төлеутайдың қызы қашып кетті, – деп.
– Қай қыз екен?
– Кімге қашқан?..
– О, тәңірі-ай...
Ата-анадан кеткені ме бата алмай?
– Ойбай, әлгі Ақсайдағы шолақ қол,
Әйелі өлген Сапарбай ше, Сапарбай...
– Беу, бейшара-ай, бағын босқа байлапты,
Бай алмаса қайтсін енді бейбақты.
Біреу күліп, біреулері мүсіркеп,
Қызыл сөзді қыздырмалап ел жатты.
Жай түскендей Төкең сонда үйіне,
Қамшыны алып кемпіріне үйіре:
– Қараң батқыр, батыр қараларыңды, –
Деді ол алғаш қыздарына күйіне.
Құс мылтығын керегеге асулы
Ала ұмтылды:
– Кім, кім мені басынды?..
Сүйегіме таңба салған екенсің,
Жалғыз оқпен жоқ етейін басыңды!..
Басынғанның өлейін мен қолынан,
Ұрттап қана ішейін мен қанынан.
Ауыл сырты – Ақсай жаққа жүгірді ол,
Бүкіл ауыл жүгірді оның соңынан...
Көп ұзамай Ұлжан менен Ұлмекен,
Кетті олар да басқа жұртқа бір бөтен.
«Күйеулері жарымжан» деп жатты ел,
Бұл ойлады: «Бәрін тағдыр, бақ білер,
Білер өзі кімнен төмен, кімге тең».
Кетті үшеуі бір-біріне ұласа,
Соңғыларға шамданған жоқ бұл аса.
Басу айтып уататын болды енді
Кемпірі мен кенже қызы жыласа.
Келер жылы күйеуімен келді Ұлдай,
Қолдарында ұлдары бар балғындай.
«Сүйегіне таңба салған» қызының
Сүйіп ұлын Төкең мейірін қандырды-ай...
Ғайып болып қапа көңіл бұлтаңы,
Қос күйеуін қарсы ап жатты бұл тағы.
Күбірледі: «Күйеулерім соғысқа
Берді, берсе аяқ-қолын намыс па?
Ал, әйтпесе, жігіттердің сұлтаны».
Ал, айтпақшы, сайтан алғыр, кенже қыз,
– Әке, енді бағым байлай көрмеңіз,
Оқимын, – деп кетіп еді қалаға,
Оралғанын естімедік елге біз.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу