Өлеңдер ✍️

  06.11.2021
  112


Автор: Кеңшілік Мырзабеков

Сонау жылғы іңір

Он екі перне қарағай
Сөйлейтін еді сұңқылдап.
Сөйлеген кезде сұңқылдап
Қиссасын әкем айтатын.
Қайырған аттай құр-құрлап
Күйлердің басы қайтатын.
Дүниеде барын байқатып,
Самалға дауысын шайқатып,
Созатын еді шайлатып...
Созатын еді көңіл сәл,
Салқындау сазды ой батып...
Буынсыз саусақ ойнатып,
Сүйексіз көмей сайратып,
Отырған кезде қара шал
Қараша үй алдын тойлатып
Жер ошақ жақта апам жүр
Кеш сауған сүтін қайнатып.
...Бара жатты сол кезде
Томсарып толық ай батып.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу