Өлеңдер ✍️

  06.11.2021
  115


Автор: Кеңшілік Мырзабеков

Өзендер

Көктем...
Көлдер ұлғайып қырды асып кетіпті,
Белдер ырғалып гүл басып кетіпті.
Дүние дін аман.
Төбеде шөкім бұлт та жоқ,
Шалғында шашырап жылаған
Жетім шық та жоқ.
Бейбіт бір күнге
Сүйінші сұраған баладай,
Сәскеде сағым жүгірді,
Сіңірдей созылған қайың, қарағай
Ақиық аспан-ау,
Жұтады лағыл нұрыңды.
Жарым көңілдей жасамыс ағаш та
Жапырақ жарады, жарықтық!
Тобыл да тасиды,
Ойыл да тасиды,
Тасиды Талас та
Арнасын қарық қып,
Алқабын су шықса, арық қып.
Өзендер шалқиды шабыты бір келген мезгілде
Шалшық сулардың шауқатын бетіне салық қып.
Мен де тасимын,
Сен де тасисың,
Бәріміз тасимыз
Табиғат берген қауқармен.
Мен – қапыл өзенмін,
Сен – бақыл өзенсің.
Мен келте көктемде
Тулап ағамын.
Кемерді бұзып,
Жеткен жерімді
Суға маламын.
Сен баяу ағасың,
Жайлап ағасың,
Өзіңді-өзің іркіп ағасың,
Кілкіп ағасың.
Он рет ойлап ағасың
Суыңды шашау шығармай,
Кемерді бойлап ағасың.
Саған күнә ма
Таңдайы кепкенге тамшы сыйласаң?
Өзіңнің көктемің келгенде қуанбай,
Өзіңнің жазың өткенде суалмай,
Қайда барасың,
Қайда барасың
Құрдымға құймасаң?




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу