Өлеңдер ✍️

  06.11.2021
  94


Автор: Кеңшілік Мырзабеков

Жұмбақ заң

Оң қабағыңмен қарайсың маған,
Сол қабағыңмен қарайсың маған
Оңға басса деп ойлары.
Талай мақтаған, талай сынаған,
Жекіріп алып жағдай сұраған
Жанашырымсың қайдағы?!
Мерт бола жаздап айға атылсам мен,
Майып боп құлап ойда тұрсам мен,
Жанұшырасың сен неге?
Көрсеткім келмей, қайратым семген,
Көзімді бүркеп, ойда отым сөнген,
Жанұшырамын мен неге?!
Бөлек құрсақтан, бөлек құндақтан,
Бөлек толғатқан, бөлек дәм татқан,
Адамның неге жаны бір?
Түйсінгенменен, түсіне алмайтын
Түсіне алмасаң, кісіні алдайтын
Болмыстың жұмбақ заңы бұл!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу