Өлеңдер ✍️

  05.11.2021
  130


Автор: Кеңшілік Мырзабеков

Телефонда

Төлеу аға, телефонмен сөйлестік,
Сөйлестік те, екі түрлі ой кештік...
Жүрегіңнің естіп тұрмын дүрсілін,
Кей сөзіңді кейде естімей, кейде естіп.
Бір сөз жетіп, бір сөз кетіп ауаға,
Тар будкада жан ұшырдым, беу, аға!
Сен үздігіп, мен үзіліп айтқан сөз
Сағынышқа, жарайтындай дауаға.
– Ел аман ба, әжем қалай, қыс қалай? –
Дегенімде ойым зулап ұшқаны-ай...
Ойым зулап, Ақшығанақ адырдың
Жүрді үстінде,
Жүрекке ыстық тұстары-ай.
Жүрекке ыстық жыңғыл төбе, арша бел,
Тобылғы сай қиып әкеп, қамшы өрер.
Ағажан-ай, аязында ақпанның
Ай жарықта шөп тасуға барса егер...
Деп ойладым, сен ойладың, мүмкін мен
Оның бәрін ұмытты ма деп, кім білген?..
...Интернаттың сары шанасы есімде
Шөпке, отынға барар кезек бір-бірден.
Көз алдымнан соның бәрі бір минут
Зымырады-ай бір қуаныш, бір мұң боп.
...Тарс еткіздім телефонның тұтқасын
Ей, Сағыныш, сиқырыңды білдім деп.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу