Өлеңдер ✍️

  05.11.2021
  116


Автор: Кеңшілік Мырзабеков

Он алты жас

Он алты жас...
Алыс ауыл. Апрель.
Бұзылған жол. Өкпек шығар нәті жел.
Ақшам. Іңір. Көз байланып барады,
Бір бозбала қақпа айналып барады.
Ойлайды ол: «Сұп-сұр қақпа мына дәу
Қырсық болды-ау, ұят шығар сығалау».
Ойлайды ол: «Сылтау етіп сәл затты,
Ең болмаса, күл төгуге шығар-ау».
Ойлайды ол: «Бүгін айдың нешесі»,
Соғады өкпек кеткендейін есесі!
Қараңғыда қақырайды қатқан тоң,
Құйттай ауыл әлдеқашан жатқанмен,
Шуылдайды интернаттың көшесі.
Он алты жас...
Алыс ауыл. Апрель.
Тәтті ұйқыда, қатты ұйқыда жатыр ел.
Сұр қақпаның ауласынан сөнді шам,
Ойлайды енді ереңгі кеш сәтін ол.
Сен де ойлашы, он бес-жиырма жыл бұрын
Мұндай қорлық көрген жоқ па ең, «құлдығым»?..




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу