Өлеңдер ✍️

  05.11.2021
  143


Автор: Кеңшілік Мырзабеков

Ғани аға

Қара тас түнді шақпақша шағып қақ жарып,
Алтынның түсі секілді бейне ақ жарық..
Аспаннан бір сәт тұрады дейді нұр сеуіп,
Тілегің қабыл, көрсең бір соны бақ жанып.
Қасиетті нұрдың белгісіз қашан жауары,
Қызыл іңірдің тарқаған соң ба зауалы,
Қоп-қою түннің торлаған тұс па қамалы,
Қаққанша қасты қанатын жайған сол нұрдан
Адалдық тіле, адалдық қана дауалы!
Сипатын нұрдың суреттей алмай тілменен,
Салыстыра алмай Айменен, яки Күнменен.
Айтатын жұрттар: «Төбесінде айлап тұрса да,
Бірде-бір тілек тілемейді, – деп, – білмеген».
Айтатын және біреулер «мынау қай таң» деп,
«Қап» деген сөзді қадір түн өте айтар деп.
Ей, халқым менің, аңтарылушы ең аспанға,
Қадір түн түгіл, боп шықты көкте сайтан жоқ.
Сен оны білдің, біле де жүріп алдандың,
Сол емес пе деп жұлдызға да аққан таң қалдың.
Қасыңда бірақ Қадір түн туып қаншама,
Жарығы болып үзіліп жатты жалғанның.
Қадір түндердің қонысы қара жер екен,
Өрісі – халқы, өсірген орта елі екен.
О, тоба, тоба! Менде де біраз болыпты-ау
Шарапат түндер, шұғыласы болған мерекем!
Наразы туып, нарқын біліп ең халқыңның,
Ширек ғасырға сыя алмадың ба, шарқ ұрдың.
Қамба қазғанда қара топырақтан кезіккен
Сәулесіне ұқсап сіңдің бе бізге алтынның?!
Беу, Ғани аға!
Сен де бір Қадір түн едің,
«Ұзақтау жан» деп үзіліп тұрып тіледім.
Сәулесі сіңсе сәулетті келешектерге,
Өтірік екен «Өзекті жанға бір өлім».




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу