Өлеңдер ✍️

  05.11.2021
  147


Автор: Кеңшілік Мырзабеков

Құмдағы аршалар

(баллада)
Сықыр да сықыр сары аяз,
Сына алмай сыздап тұр аспан.
Қақтаған аптап ала жаз
Қақаған қысқа ұласқан.
Қылаумен өскен қар биыл,
Бұрқасын боран жоқ әлі.
Қырдағы ауыл малға үйір
Қырық-елу түтін шамалы.
Өзеннің арғы бетінде
Өзектен өтсең, орғыл құм.
Шетіне шалғай жетуге
Салт атпен үш күн жол жүргін...
Ақтылы қойы колхоздың
Алпыстай отар боп қалар.
Қыстайды құмды, сан көздің
Себебі солай көп қарар.
Ал мынау ауыл шап-шағын,
Көшесі жазда оспа құм.
Қыс болса кешіп омбыны,
Сүйреткен шана-шаңғыны,
Қораштау болар басқаға,
Біз үшін құйттай астана.
Әнеки, қыштан өрілген
Қызыл үй – мектеп-интернат.
Тағылымы соның дедім мен –
Тағдырымды өссем ерте аңдап.
...«Жаңа жыл ертең» дегенде
Жүгіріп жапа-тармағай,
Бала біткен елеңдеп,
Қуанып, толқып әрқалай...
Интернат іші гуілдеп,
Ерсілі-қарсылы, у да шу.
Ересек біздер күбірлеп,
Құрушы ек сұхбат, сырласу.
Құлайды-ау ертең құм жақтан
Қырық-елу шана ат-көлік.
Шанасын бәрі сырлатқан
Сәйгүліктері ақ көбік.
Бәйгеге келе жатқандай
Бәсеке бәрі шетінен,
Малынып тонға мақпалдай,
Қан тамып күрең бетінен.
Қай үйге бұрар ат басын
Атағы-даңқы барлары.
Сол үйдің барып қақпасын
Ашады-ау және баллары.
Өңкей бір аға қойшылар
Өргізген төлді мыңғыртып.
Біреуін бірі қамшылар,
Қолтықтарына су бүркіп.
– Әбзелің мынау үр жаңа,
Әубәкір жасап берген бе?
– Нарқына берсең бір қара,
Кім қой дейді осы сенлдерге?
Әзіл мен қалжың ішінен
Шындықтың шоғы жылт етіп,
Табылмай тұрмас кісіден
Бір кеміс пенен бір кетік.
Құр ұстап қойға мінбеген,
Бәрінде бір-бір қынулы ат.
Құлайды орғыл құмменен
Ор қоян шана зуылдап.
Жаңа жыл тойын мектепте
Балаларымен қарсы алып,
Бой көтеріп бір кетпекке
Артынан айтар тамсанып.
Жиналу әдет-дәстүрге
Айналған бір кез болатын.
Күллі ауыл, кәрі-жас бірге
Ёлкаға кешке баратын.
Айтпақшы, барлық шананың
Бөктерген бір түп баршасы,
Шыршасы жоқ қой даланың,
Бар бірақ құмның аршасы.
Қызыл да жасыл күреңсе
Күн нұры тисе құлпырған.
Кеберіп құмдар түнерсе,
Көгеріп арша бұлқынған.
Көктемде кейде сарғаяр,
Қаңтарда кейде көгерер.
Бояуда бейбақ бар ма амал
Құнарын берсе жер егер?
Әрбір түп анау, қаншасы
Өсті екен сазға, тастаққа.
Әйтеуір, құмның аршасы
Әкелген бір-ақ мақсатқа.
Жұрттағы ой: «Ертең кімдікі
Ёлка боп тұрмақ ортада?»
Бірақ ол сонау құмдікі,
Атауы жалқы картада.

* * *
Мектеп директорына
Ентелей кіріп үш кісі,
Жармасып жатыр қолына
Келгендей қысып құшқысы.
Жүйріктеу сөзге Оңғар қарт
Отырған жұртқа бір бүйір
Иығын қозғап, қомдап ап:
«Қарағым, – деді, – жыл биыл...
Жыл биыл жақсы болып тұр,
Кеп қалдық тағы жиналып.
Жиырма жыл бойы көріп кіл
Қия алмай жүрген қиналып
Қызылдың бір түп аршасын
Қиып-ақ ағаң түсірді»...
Деді де, қағып шақшасын
Шалғынбай қартқа ұсынды.
Шақшаны кейін шорт қағып,
Шамданып қалған сыңайлы.
Шалекең жұртқа оқталып:
«Қыстағым құмның шұрайы, –
Деді ол, – қалқам, ұға бер.
Өрісім аты – «Арша орман»
Құр дөненім мен құлагер
Қалыңына өтіп қарсаңнан
Мен де бір арша қиып ем,
Атты адамдай-ау ұзыны.
Шықпайтын ба еді жиіден
Ағаштың түзік, түзуі?»
Сол сәтте сөзге сараңдау
Абдырап қалған Сағымбай
«Менің де аршам биік, дәу
Жұп-жуан Торғай талындай»
Дегенде бар жұрт күлкіге
Қыран да топан көміліп,
Сағымбай сыртқа сілкіне
Шықты да кетті шегініп.
Жиналып қалды бар қойшы,
Ішінде және Қабдіраш.
Аршасын мақтап әрқайсысы,
Ал, даулас келіп, салғылас.
«Жә, – деді жаймен директор, –
Рахмет пейіл-пиғылға.
Орны бар бірақ ерек бір
Сияпаттың да, сыйдың да.
Оқуда үздік кілең бес,
Ортада үлгі-беделі
Бастап бір ылғи жүрер көш,
Жас болса да ойы келелі
Бар еді бізде бір бала».
Директор үнсіз.
Жұрт жым-жырт.
Дау айтар оған кім дара,
Жөні бар іске «құп», «құлдық».
Қай әке қазір төбесі
Қуанар көкке жеткендей,
Үміттің ұшқыр елесі
Бәрін де баурап өткендей.
Бәрі де қазір аршасын
Қондыратындай кең залға.
Қас-қағым сәтте сонша сын,
Сонысы қиын жалғанда.
Жаутаңдап бәрі қарайды,
Жанарларында шық тұнып,
Күпініп келген талайды
Үміт пен күдік күпті ғып.
«Ол ма, ол...– деді директор, –
Келген жоқ, білем, арша оған».
Тез ұқты бәрі, демек, бұл –
Жесірдің ұлы Аңсаған.
Ешкімді ешкім қаумалап,
Ешкімді ешкім сүйген жоқ.
«Қайырлы болсын» саудалап,
Қағытқан да жоқ, ілген жоқ.
Ойлайды бәрі үнсіз қап:
«Орнында қалған оңалды-ау».
Ескірген жара бір сыздап,
Бір сыздап барып жамалды-ау...
«Әкесі жиен, жиеншар»,
«Бір жылғы төл ем» деп біреу,
Көзіне жас ап бірер шал,
Жалғызға тілеп көп тілеу.
Сол күні келген бір арша
Әкесіз ұлға арналған.
Жарқырап ёлка алауша
Аршасы құмның жанданған.
Есіңде бар ма, Аңсаған?
Сонда айтып ем ғой мен саған:
«Құмдағы жасыл аршалар,
Құмдағы асыл аршалар,
Жалғасқан жастық мәңгілік
Япыр-ай, осылар шығар!».




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу