Өлеңдер ✍️

  05.11.2021
  118


Автор: Кеңшілік Мырзабеков

Жазға салым жер жіпсіп бу шығады

Жазға салым жер жіпсіп бу шығады,
Жауыр қырға жауқазын гүл шығады.
Ала баспақ албарда оқыра боп,
Тай-жабағы тебіндеп ту шығады.
Таң алдында тобарсып қара қатқақ,
Томырық жел тоқтады қанағаттап.
Боз тушаны бәйек боп күйттейді апам,
Ерте қашқан жануар дара лақтап.
Екі лақты боз туша жарыта алмай,
Ашқарақтар емеді жағы талмай.
Солқылдатып сорғанда сорлы ананың
Емшегінен қалай жүр қаны тамбай?
Дәрмені аздау ананың дәті қандай,
Емізеді аянып, жатып алмай.
Ана байғұс оттап ап жарытпай жүр,
Бала байғұс ашқарақ отыға алмай.
Арық туша аяғын шаққа алып жүр,
Сарқыт қалмай сауыры қақталып жүр.
Ананы ана аяйтын әдет қайда?
Апам бір күн саууға оқталып жүр.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу