Өлеңдер ✍️

  05.11.2021
  129


Автор: Кеңшілік Мырзабеков

Бір шаңырақ туралы баллада

I
Бейшара кемпір ән салған:
– Домбырам басы дың-дың-ау,
Фашистер өлсін мың-мың-ау,
Ақ түңдігімнің желбауын
Жел үзіп кетсе сұмдық-ау.
Бозала таңда шығырға
Барарда шалы ыңылдап:
– Домбырам басы баяғы
Сұңғыла терме деуші еді,
Қарашығымның жігерін
Құм қыла көрме деуші еді.
Баптаған өзім ақ кетпен
Байыппен салса тасқа өткен,
Қарағай сабын қапыда
Сындыра көрме деуші еді.
Үмітсіз сайтан болғай деп
Сүр сақтап жылда соғымнан,
Жалғызым келіп қалғай деп
Қонаққа бермей қорынған.
– Келер-ау ертең бір хабар
Қаладан, мүмкін, шықты деп.
Келіншекке ұқсап ұл табар
Кемпір де күнде күпті боп.
Аспанның ашық ажары
Тартқанда күңгірт күн ауып,
Жүрегі шалдың сазады,
Сырқырап, сыздап бір ауық.
Көңілге күдік, «гәп» алып,
Шығырын ерте доғарып,
Қоңыр өгізбен қайтқанда,
Қоңырқай назын айтқанда,
Япырмай, жалғыз қарлығаш
Қанатыменен қағады,
Шырғалап шалды оралып.
Тірліктің тіні, беу, үміт
Бебеулеп сонда оянды-ау.
Көкжиек қырлар егіліп,
Қып-қызыл нұрға боялды-ау.

ІІ
Сұмдық-ай, сұмдық, сұмдық-ай,
Үзілді желбау бір күні.
Маңдайын ұрды сол кемпір:
– Қойма, ажал, тірі, мені де ал,
Енді өлтір деймін, енді өлтір.
– Сан ұлым сайда қалғанда
Маңдайын ұрған мен бе едім?!
Осынау қысқа жалғанда
Аз ба еді менің көргенім?!
Артымда қалған кезімде
Атан құлатқан желдерім ‒
Саябыр тауып кезіккен
Самалым еді ол менің.
Соны да маған көпсінсең,
Әдіра қалсын, әй, дүние,
Кереметің мен кермегің.
Сұмдық-ай, сұмдық, сұмдық-ай,
Үзілді желбау, сынды сап.
Сөзіне дария шашалмай,
Жиналған жұрттың алдында
Жығылмай тұрған туға ұқсап
Жалғыз сөз айтты: «Адамдар,
Бола ма бізде бір нысап».

ІІІ
Қайғының дерті қатты ұрған,
Шайқалған бұл бір шаңырақ.
Қазаны қаспақ, қақ тұрған
Қалды ғой, қалды-ау қаңырап.
Қазақтың қара шаңырақты
Шайқалғанменен, құлатпау
Қасиетін сақтап шал бақты,
Кемпір де соны ұнатты-ау.
Ағайын-тума ағылып,
Қайран ел келіп жұбатты-ау.
Үзілген желбау жалғанбай,
Жалғайтын оны қол болмай,
Қайғының дерті – қара бұлт
Құлатты-ау, ақыр құлатты-ау.
Ажалы келген жандардың
Артынан өлу жоқ дейтін.
Түбінде тамыр қалғанның
Зәузаты кейін көктейтін.

* * *
Өлімнің бәрі бірдей ме?
Жо-жо-жоқ, оған қарсымын.
Мен өлсем ертең гүлдейді
Тамырым мен менің талшығым.

ІV
Ей, сонау қырғын соғысты
Көрмегендер мен көргендер,
Қиянат пенен қылмысты
Қарғаңдар, әлі тергеңдер.
Құлаған шаңырақ аты өшсе,
Қураған сүйек аты өшсе,
Тағы да соғысқұмарлар
Қиқулар еді әтешше.
Сан адам бүгін, расында,
Салюттерменен желпінсін.
Мәңгілік оттың қасында
Мұрагер солдат, сен тұрсың!
Шығырын салған шал менен
Диірменін тартқан кемпірдің
Қабіріне келіп таңменен
Топырақ салып мен тұрмын.
Біз – мынау Ұлы Жеңістің
Жөргегінде өскен балғындар.
Қау етіп қаптап жер үстін
Өртеңге өскен шалғындар!
Бас иеміз саған, соғыстың
Тауқыметін тартқан тағдырлар!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу