Өлеңдер ✍️

  05.11.2021
  139


Автор: Кеңшілік Мырзабеков

Ақ қар жапқан даланы аңсадым да

Ақ қар жапқан даланы аңсадым да,
Кеткім келді алысқа, малшы ауылға.
Күлтеленіп тұр ма екен күрең арша
Орғыл қызыл құмдардың қамсауында?
Күрең арша күлдіреп кешкі нұрмен,
Егіліп бір жылаушы ед ескі қырмен.
Қойлар теуіп елтірі еркек құмды,
Айызым қанып қышырын естідім мен.
Бәлкім соны аңсадым, бәлкім басқа,
Барғым келді «Салқын тау», «Салқын тасқа».
Атың салқын болғанмен, атпал құмым
Қалпың басқа еді ғой, халқың басқа.
Өліарасы әр айдың ылаңдатып,
Қырбық қар мен қыламық қылаулатып.
Сынық шана шиқылдап шөп тасушы ек,
Ыңырантып інгенді ылаулатып.
Бәлкім соны аңсадым, бәлкім бөлек,
Бәлкім маған бөлек бір салқын керек.
Салқын емес...
Салқын ғой Алматы да,
Шөпке бірге баратын қартым керек!
Шөпке барам...
Сары інген аман ба екен?
Буаз ба екен биыл да, шабан ба екен?
Ақкөз аяз секілді ақи шалым
Биыл бірақ жол бастап барар ма екен?
Белі ауырып бадалып қалар ма екен?
Қамыт-бауды қайтадан тартып жатып
Басын шайқап аларып қарар ма екен?!.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу