👈 қаріп өлшемі 👉

  04.11.2021
  98


Автор: Ғибратты әңгімелер

Мұса пайғамбарға жабылған жала

Хазіреті ибн Аббас (р.а.) айтады:


«Қарун Мұса пайғамбардың туысы еді. Ол Мұсаға (ғ.с.) көре алмаушылық жасады.


Мұса (ғ.с.) оған: «Алла Тағала маған сенен зекет алуымды әмір етті» деді. Ол зекет беруден бас тартып, халыққа: «Мұса зекет деген сылтаумен сендердің малдарыңды жегісі келеді. Ол намазды әмір етті, оған шыдадыңдар. Басқа әмірлерді де әкелді, оларға  да көндіңдер. Енді ол сендерге зекетті әмір етеді, оған да көніңдер» деді.


Халық «Біз бұған көне алмаймыз. Сен бізге бұдан шығудың бір шарасын айт» деседі.


Сонда Қарун былай дейді: «Мен былай ойландым: бір жеңіл жүрісті әйел «менімен зина жасады» деп Мұсаға жала жабуы керек».


Халық үлкен көлемде сыйлық уәде етіп, бір жеңіл жүрісті әйелді жала жабуға көндіреді. Осыдан кейін Қарун Мұсаның (ғ.с.) жанына барып: «Алланың саған жіберген үкімдерін бүкіл Исраил ұрпақтарын жинап түсіндір», – дейді.


Хазіреті Мұса бұл ойды жөн көріп, оларды жинайды. Жиылғаннан кейін Мұса (ғ.с.) Алланың үкімдерін түсіндіре бастайды:


– Алла маған мыналарды әмір етті: Сендер Оған ғибадат етіңдер; ешкімді ортақ қоспаңдар;  туысқандарға қарасыңдар…». Осылайша «егер бір некелі жары бар адам зина жасаса, ол тасборан етіліп өлтірілуі керек» деген үкімге келген кезде, халық:


– Егер сен өзің зина жасасаң, оның үкімі қандай? – деп шуласты. Хазіреті Мұса:


– Егер мен зина жасасам, мен де тасборан етілуім керек.



 


Халық:


– Сен зина жасадың, – деді. Мұса (ғ.с.) таң қалып:


– Мен бе? – деді.


– Иә, сен.


Сосын әйелді шақырып Мұса (ғ.с.) жайлы не дейтінін сұрады. Мұса (ғ.с.)  әйелге шындықты айтуға ант еткізіп:


– Айт, не дейсің? – деді. Әйел:


– Сендер менен ант етіп сөйлеуімді талап етіп отырсыңдар. Олай болса, жағдай былай еді: мына адамдар саған жала жабуым үшін маған мынанша-мынанша сыйлық беретіндігіне уәде етті. Сен бұл айыптаудан тазасың, – деді.


Мұны естіген Мұса (ғ.с.) жылаған күйі сәждеге жығылады. Ол сәждеде жатқан кезінде Алла Тағаладан мынадай уахи келді: «Жылаудың қажеті жоқ. Оларды жазалауың үшін жерді сенің билігіңе бердік. Сен қалай қаласаң, солай әмір ет».


Мұса (ғ.с.) басын көтеріп, жерге: «Оларды жұт!» – деп әмір берді. Жер оларды тобықтарына дейін жұтқан кезде олар бейшара халде Мұсаға (ғ.с.) жалбарына бастады. Ол жерге: «Оларды жұта түс!» – деп әмір берді. Мойындарына дейін батты. Жанұшыра айқайлап, Мұсаға (ғ.с.) жалбарына бастады. Ол: «Қараларын батыр!» – деп әмір берді тағы. Жер барлығын жұтты.


Осыдан кейін Алла Тағаладан Мұсаға (ғ.с.) былай уахи келді: «Олар саған жалбарынып, шарасыздыққа түсті. Құдіретіме ант етемін, Маған дұға жасағандарында, Мен олардың дұғаларын қабыл етер едім».


Кейінірек оқу үшін сақтап қойыңыз:



Пікір жазу


Біз cookie файлдарын пайдаланамыз!
Біздің сайтты пайдалануды жалғастыра отырып, сіз сайттың дұрыс жұмыс істеуін қамтамасыз ететін cookie файлдарын өңдеуге келісім бересіз. Cookie файл деген не?
Жақсы