03.11.2021
  195


Автор: Камал Әлпейісова

Тастанды

— Нағима Әмірқызы! Нағима Әмірқызы!

Дәліз түбіндегі палатадан шыққан медбике әйелдерді босандыратын бөлімге қарай кетіп бара жатқан акушер гинекологтың соңынан тұра жүгірді.



— Нағима Әмірқызы, екі күн бұрын өзіңіз босандырып алған Айна деген келіншек баласын емізбей жүр!

Дәрігердің төбесінен жай түскендей болды.

— Емізбегені қалай? Мүмкін емес! Емізуді білмейтін шығар, көрсетіп, үйрету керек еді ғой.

Дәрігердің қашанғы әдетінше, кісіні кінәлаудан бұрын өз істерінен кемшілік іздеп жатқанына сыралғы медбике мырс ете қалды.

— Мүмкін болғанда қандай, Нағима Әмірқызы. Ол тіпті емізуге әкелген баласына қарамастан, теріс қарап, тарс бүркеніп жатып алды. Ешкіммен сөйлеспейді де...

— Енді не істеп жатырсыңдар? Балаға не беріп жүрсіңдер?

— Алғашқы күні сол палатада жатқан әйелдер қарны аш балаға жандары ашып, нәрестені кезектесіп емізген... Сосын жаңа туған сәбиге беретін арнайы қоспаға тапсырыс жасадық.

Түнгі ауысымнан кейін күн аралатып жұмысқа келгенде естіген осындай жаңалықтан жас дәрігер Нағима Әмірқызы есінен танып қала жаздады... «Ой, Алла-ай, нешетүрлі сұмдық бола береді екен-ау! — деді ол күбірлеп. — Баласын емізбегені несі? Ешкіммен сөйлеспегені несі? Қой, бүйтіп, отыра беруге болмас. Ауысымның аяғына дейін анық-қанығына жетіп, мәселені шешу керек».

Перзентханаға жаңадан келіп түсіп жатқан әйелдерді қабылдап жатып та, палаталарды аралап жүріп те, өзін айран-асыр еткен осы жайға ойша орала берді. «Ойпырм-ай-ә, өз баласынан безінген деген не сұмдық! Бұған не істесем екен?»

Оқиғаның оқыстығы сонша, не ашуланарын, не таңданарын білмеді. Әріптестерінен босанған әйелдердің ішінде өз баласынан безінетіндер болатыны туралы талай естігенімен, өз тәжірибесінде әлі ондай жай кездеспеп еді. Содан да болар алғашында абдырап, не істерін білмей, тығырыққа тіреліп-ақ қалды. Басында бойын бұрқ еткен ашу кернеді. Палатаға жетіп барып, баласынан безген келіншекке дүрсе қоя бергісі келген. Іле ол ойынан қайтып, алқымына тығылған ашуды сабырға жеңдіруге тырысты. Шынын айту керек, бұрын қаншама рет естігендіктен, өмірде ондай жайдың кездесетінін білсе де, өзі ешқашан бетпе-бет келмегендіктен, көңіл түкпірінде оқиғаның шындығына деген сенімсіздік те бар еді. Сондықтан, не де болса, барлығын өз көзімен көріп, өз құлағымен есту үшін Айна жатқан палатаға беттеді.

...Палата ішінде жатқан әйелдердің ішінен оны тап басып таныды — жылай-жылай көзі бұлаудай болып ісіп кеткен келіншектің түрі аянышты-ақ еді. Есіктен кірген дәрігерді көргенде, сірә, бұл сәтті өзі де үрке күтіп жатқан болуы керек, басын көтере алмай бүгежектеді де қалды. Жаңа ғана ширығып келген дәрігер бойындағы ашудың қайда кеткенін өзі де білмей қалды.

— Айна, сен маған сюрприз дайындап қойыпсың ғой.

Келіншек үндемеді.

Дәрігер оның қасына келіп отырып, қан қысымын өлшеді. Ақ шүберекпен тас қылып байлап тастаған кеудесін ашқызып көріп еді — сүт кернеген қос анары тырсылдап тұр екен.

— Балаңды емізіп, қалғанын сауып таста, сүт қатып қалса қиын болады, — деді жас келіншектерге кеңес беретін қашанғы әдетімен. — Қазірдің өзінде аздаған қызу бары байқалады, балаң жақсы емсе, қалыпқа түседі.

— Мен оны емізбеймін...

Келіншектің даусы солғын шықты.

— Сен асықпа. Өмірде түрлі қиындықтар болады. Адам сол қиындықтармен күресіп, жеңе білсе ғана — адам. Ал алғашқы қиындықта-ақ өз басыңды қорғаштап, титімдей сәбиіңді тастап кетсең — кім болғаның? Бұдан кейін қалай өмір сүресің сонда?

Келіншек басын тұқыртып, ләм-мим демеді.

— Күйеуің бар ма? Туыстарың бар ма? Босанғаныңды естіді ме?

Көзінен тарам-тарам жас парлаған Айна жастығын құшақтап, булыға жылады.

— Жарайды, Айна. Сабыр ет. Жағдайың қиын екені белгілі боп тұр. Жылағаннан пайда жоқ. Одан да екеулеп бір амалын ойластырайық.

Дәрігер барынша сабырлы болуға тырысып, жас босанған анамен тағы біраз сөйлесті. Мұндайда нақты көмек көрсетер жағдайы болмаған соң адамның айтар сөздері де салмақсыз болатындай көрінді өзіне. Сонда да шалт шешім қабылдап отырған Айнаны өмірлік өкінішке ұрындырар қадамнан сақтандырып, ақылға келуге шақырды. Қолынан келгенінше көмектесуге уәде берді.

Айна тіл қатқан жоқ. Әйелдің тас боп қатқан жүрегін жібітемін бе деген соңғы үмітпен: «Қызың өзіңнен аумайды, оң қабағының үстінде қарауытқан белгі бар, сірә, сенікіндей мең болатын шығар, көрдің бе?» деген. Айна аузынан әлдене шығып кете ме деп қорыққандай ернін жымқырып, басын шайқады. Дәрігер «Әлі де ойлануға уақыт берейін, асығыс шешім қабылдама» деп палатадан шығып бара жатқанда, келіншек тағы да бір жылы сөздер күткендей бұған жаутаңдай қараған. Әлдене дегісі кеп, оқтала беріп, тоқтап қалып еді. Жүзіндегі бағанағы қатулықтың сірі сөгілгендей әсер еткен бұған. Алдамшы әсер екен. Айна сол түні баласын тастап, қашып кетті.

Жарық дүние есігін аттамай жатып тірі жетім атанған сәбидің шешесін іздеп таппақшы болып дәрігерлер әрі жүгірді, бері жүгірді. Милицияға хабарлады, қаладағы әйелдер консультацияларында есепте тұрған әйелдер арасынан іздестірді. Ақыры барлық әрекеттері нәтиже бермеген соң дәрігерлер оны анасының атымен атап - Асанова Айна деп куәлік толтырып, нәрестелер үйіне өткізді.

Арада он сегіз жыл өткенде әйелдер босанатын үйде тағдыр Нағима Әмірқызын кіндігін өзі кескен осы Айнамен екінші рет кездестірді. Ең өкініштісі, оқиғаның тұп-тура Айнаның өзі дүниеге келгенде шешесі істеген іс сияқты айна-қатесіз қайталанғанын айтсаңшы!

...Түнде босанған әйелдердің медициналық кітапшаларын бөлім меңгерушісінің қолына ұстата беріп, кезекші дәрігер «Мына әйел баласын тастап кетемін деп жатыр» деп, бір кітапшаны бөлек ұсынды. Нағима Әмірқызының көзіне «Асанова Айна» деген жазу оттай басылды. Бұл атты қалай ұмытсын! Ұмытпақ түгілі, дәрігерлік тәжірибесінде алғаш кездескен «көкек ананың» аты-жөнін, бет-бейнесін ұзақ жылдар бойы санасынан өшіре алмаған. Ол-ол ма, баланы Айна емес, өзі тастап кеткендей қиналғанын айтсаңшы. Тіпті «баласын тастап кету туралы ойынан қайтара алмадым, ісінің қателігіне көзін жеткізе алмадым» деп өзін-өзі кінәлаған кездері де болған.

Кейде автобус терезесінен қарап отырып, көшеде кетіп бара жатқан жас әйелдерден сол қашқын әйелге ұқсастық іздеп, кездесіп қалам ба деп қарап жүретінін өзі де байқамай қалатын. Бірде, екпіндей басып, өзінен озып бара жатқан жас қызды соған ұқсатып, қолынан шап беріп ұстай алғаны бар. Бірақ, ол Айна болмай шықты...

Келе-келе мұндай оқиғалардың қаншасы бастан өтті. Енді міне, тағдырдың өзі алдынан шығарып отыр. Жәй ғана шығарып қоймай, жүрек пен жүйкеге салмақ түсірер тағы бір оқиғаны кесе көлденең тартып отырғанын қарасаңшы. Әлде, сонау дәрігерлік қызметке алғаш кіріскен жылдары тәжіріибесінің жоқтығынан, өмірден көріп-білгені аздығынан, қолында билік жоқтығынан жіберілген кемшіліктің орнын толтырсын деп алдынан шығарып отыр ма екен? Кітапшаларды жинай салып, дәрігер Айна жатқан палатаға беттеді.

Өрімдей жас әйел «не айтатыныңды білемін» дегендей, дәрігерге немқұрайлы көз тастап, сұлық амандасты. Оң қабағының үстіндегі ноқаттай қара мең мөлдіреген көзін одан әрі мұңға толтырғандай. Толғағы ауыр болып, қиналып босанды ма екен, әлде жанын жегідей жеген ой қажытты ма екен, әйтеуір, түрі шаршаңқы. Кешелі бері өзіне келіп, ақыл айтушылардан мезі болғанын көрсеткісі келгендей, «сен де қалай келсең, солай кетесің» дегенді білдіріп, Нағима Әмірқызына мысқылдай қарады.

Нағима Әмірқызы жағдайын сұрап, «бөпеңді көрдің бе?» дей беріп еді, мәселені бірден шешіп тастағысы келетінін танытып, «я от него отказываюсь» деп қойып қалды. Әңгімені одан әрі созбау үшін, айтар сөзін алдын ала даярлап қойған сияқты. Дәрігерге ол арадағы әңгіме басқа арнаға бұрылса немесе ұзаққа созылса өзін-өзі ұстай алмай, сыр беріп қаламын ба деп қорқатындай көрінді. Ұзақ жылғы тәжірибесінде «көкек» аналардың талайын кездестірген Нағима Әмірқызы мұны бірден байқады. Байқады да, қатты сөйлеп, болмаса ақыл айтып, онсыз да басы қатып отырған жас әйелдің санасына салмақ салуға асықпады.

Сол күні түні бойы дөңбекшіп ұйықтай алмады. Ойпырмай, бұл оқиғаны қандай заңдылықтың аясына сыйдыруға болады? Анасын көрмеген, білмеген, ықпалында болмаған қызының бір кездері шешесі жасаған істі айна-қатесіз қайталауына қандай түсініктеме беруге болады? Әдетте «сүтпен сіңген» деп жатады, ал бұл болса ана сүтін ембеген де ғой. Орыстың «жеміс ағашынан алысқа түспейді» деген мақалы осындайдан шықты ма екен?

Келесі күні Айнаны өзінің кабинетіне шақырып алып, ұзақ сөйлесті. Айнаның балалар үйінде өскенін, сегізжылдық қана білімі бар екендігін, құрылысшылар жатақханасында, бір бөлмеде үш қыз тұратындықтарын өз аузынан естіп білді. Үйленеміз деп уәделескен жігіті мұның аяғы ауырлағанын естігенде сөзінен тайқып шығыпты. «Баланы алдырып таста» деп біраз үгіттеген екен, бірақ «ойы өзгерер, үйленерміз» деп үміттеніп, уақытты өткізіп алыпты.

— Мені бір тасжүрек деп ойламаңыз, дәрігер. Шынымды айтсам, алдыртып тастамаған өзім, аядым, бірдеңе ғып өсірермін деп ойлағам. Бірақ...

Қулық-сұмдықтан ойы таза, тек басына түскен мына жайдан, жапан дүниеде баласын құшақтап жалғыз қалатынынан үрейленетіндей. Оның үстіне, басында үйі, қасында сүйеу болар адамы жоқ, қалай күн көрмек?

Өзінің өмірі туралы біраз мағлұмат берген әңгімесін аяқтай бере:

— Вообще, я сама — тоже отказной ребенок, так что, это у меня, наверно, в крови, — деді сосын мысқылмен жымиып.

Бұл сөзінің жаны бар еді. Перзентханада қалдырылған балаларға сондай қағаздың рәсімделетіні рас. Содан бұл қағаз баланың кітапшасына тігіліп, ол кәмелетке жеткенше «тастанды» екенін айғақтайды да тұрады. Осы отырған Айнаға қарғыс атқыр сол құжаттың толтырылғанына Нағима Әмірқызының өзі куә. Есіне сол түсіп, дәрігердің үнсіз қалғанын пайдаланған Айна енді бастырмалата сөйлеп, шабуылға шықты.

— Міне, сіз оқыған, ақылды адамсыз, дәрігер, айтыңызшы, анам мені неге тастап кетті? Өзі аман-сау, ештеңені уайымдамай өмір сүріп жатқан шығар, тіпті бақытты да болуы мүмкін. Ал мен болсам бір ауыз жылы сөзге зар боп өстім. Мен қайдан мейірімді болмақпын? Мен оның тіпті қандай сезім екенін де білмеймін! Отбасы дегеннің не екенін, аналық махаббат дегеннің не екенін маған сол үйретуі керек еді ғой! Ал ол мен бойында пайда болған күннен бастап қалай құтылуды ойластырған болар. Яғни, менің мұндай қадамға баруым заңды нәрсе! Егер сол кезде ол мені тастап кетпегенде, мен де бұл баланы қалдырмас едім!

Нағима Әмірқызы үшін бұл күтпеген жай емес еді. Өзінің ойы да кешелі бері осыған сая берген. Ойына америкалық психолог Вирджиния Сатирдің бала тәрбиесіне қатысты айтқан сөздері оралды: «Жер бетінде тыныштық орнату ынтымақты отбасын құруға өте ұқсас. Біз отбасыларына көмектесуге тырысамыз және осы білімімізді дүниені қайғы-қасіреттерден арылту үшін пайдалана аламыз. Күшпен, қорқытып-үркітумен өз дегеніне қолжеткізіп үйренген бала есейген кезде де мәселелерін шешу үшін сол амал-тәсілдерін қолданады. Айналамыздағы адамдардың көпшілігі осылай тәрбиеленгендіктен, көптеген мемлекеттер басшыларының диктаторлық тәсілдерге жүгінетіні таңқаларлық нәрсе емес...»

— Енді осындай сұмдық қателік, қатыгез әдет ұрпақтан ұрпаққа жалғаса беру керек пе? Сен балаңды тастап кеткенде анаңда кеткен кегің қайта ма, ойланшы... Өзің айтып отырсың ғой, бір ауыз жылы сөзге зар болдым деп. Сол жылы сөзден, ыстық алақаныңнан сен айырма сәбиіңді. Қатыгездіктің тізбесін сен үз сөйтіп! Ертең бұл азамат болғанда көрген қиындығыңның бәрі бір күнгідей болмайды.

— Ол өседі дегенше... Сіздерге айту оңай. Мен баламен қайда барамын? Қалай күн көремін? Ешкімнің ешкімде шаруасы жоқ. Сіз де маған жаныңыз ашығандықтан емес, тастап кеткен баламен басыңызды қатырмау үшін айтып отырсыз. Әйтеуір мені осы үйден баламен шығаруыңыз керек. Солай емес пе? Түптің түбінде баланы, басқа барлық проблемаларды құшақтап мен жалғыз қаламын!

— Жалғыз қалмайсың, мен саған уәде беремін. Кел, екеуміз былай келісейік. Сен балаңды алып шығып, қазіргі бөлмеңде тұра тұр. Қасыңдағы қыздар бірер айға шыдайды ғой? Ал оған дейін мен осындағы бөбектер үйінің бірімен келісіп қояйын — ол менің қолымнан келеді, күмәнің болмасын. Соның ішінен сәл күш жинаған соң сен істейтін бір жұмыс қарастырамыз. Балаң қасыңда болады. Бұған қалай қарайсың?

Айна «қайдан білейін» дегендей иығын көтерді, қобалжулы сияқты. Адамның алғашындағы тас бекем ойынан тез қайтуы да оңай емес қой, соны түсінген дәрігер Айнаны «уәдеңді бер» деп асықтырмады. Бар болғаны «Бар, қазір бөпеңді әкеп бер деп айтамын, мәмесін бер. Ол сен екеуміз күткендей үлкен азамат болуы үшін қазір көп емуі керек» деді. Кешелі бері тістеніп, көзінен бір тамшы жас тамбаған Айнаның жанары жасаурап, үнсіз басын изеді.

Бөлмедегі қыздармен, одан кейін жатақхана комендантымен келіссөз ойлағаннан ұзаққа созылып кетті де, Айна басқа әйелдерге қарағанда перзентханада ұзағырақ жатып қалды. Арада жарты айдай уақыт өткенде барып, дәрігерлер орталарынан ақша шығарып сатып алған жаялық-жөргекке оралған сәбиін перзентханадан көтеріп шыққан. Есіктен шыға берген оны бірнеше әріптесі, бөлмелес қыздары улап-шулап қарсы қарсы алды. Бірінен кейін бірі құшақтап, қолдау көрсетіп, қайраттандырып жатқан қыздардың арасынан алға шыққан комендант: «Қане, біздің полкымыздың баласы?» — деп, құндақтаулы нәрестені қолына алды. — О-о, нағыз сарбаз болатын жігіт қой мынау! У-шуды құлағына да ілер емес! Жарайсың, қызым, бізді қорғайтын батыр туыпсың!»

Бағанадан бері жанарына жас толып үнсіз тұрған Айна өкси демалып, езу тартты.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу