03.11.2021
  148


Автор: Нұрлыбек Саматұлы

Қарыздың салмағы


Бүгін бір қуанышты жаңалық болды.
Желтоқсан басталғаны кім көрінген алып жатқан медаль-седаль, орден-морденді бұ да алған шығар деп ойлап қалмаңыз. Жо-оқ, басқа.
Түске қарай көптен көрмеген бір танысым үйге келе қалғаны. Көптен көрмеген себебім, ол менен қашып жүрген. Телефонын да алмайтын. Бір мәрте аңдаусызда алып қалып, «әл-ләу» деп дауысын өзгертіп, өлімсіреген бір үн шығарып, үзіп жіберген. Өйтетіні – бұдан бірнеше жыл бұрын қарызға ақша алғаны бар еді. Құдайдың зарын қылып отырып алған соң бермеске амалым қалмаған. Сөйткен адамның аспаннан түскендей ойда жоқта сылаң қағып келе қалғанына таңданбай көр. Тіпті ә дегенде қорқып та қалдым. Тағы да қарыз сұрай ма деп. Сөйтсем сұрай келмепті, бере келіпті. Амандық-саулықтан соң алдыма сылқ еткізіп бір уыс ақша тастап қарап тұр.
– Баяғы алған қарызым, – дейді ыржиып күліп. Ал енді бұған қалай қуанбайсың, қайтқан малдың қайыры бар деген, осынысы шын ба, өтірік пе дегендей мен де ыржалақтап, ақшаға бір, ақшаны әкеп тұрған танысыма бір жалтақтап қарай беріппін.
– Тұп-тура 370 мың теңге, – дейді.
– Ау, мен саған 180 мың теңге беріп ем ғой, мынауың артық, – деп жатырмын, ол алған кезде мың доллар 180 мың теңге екенін біліп тұрсам да.
370 мың түгілі, өз ақшам – 180 мыңнан да күдерімді үзгелі қашан. Енді әкелмейтін шығар деп, жылы жауып қойғанмын. Ойламауға тырысам, ойласам ит жыным келетін. Үмітімді үзбеген кезде оны біреулерге ішін кептіріп, әбден жамандап та тастағанмын. Енді соныма өзімнен өзім қысылайын.
– Оның мәнісі былай, – деп, ол түсіндіре бастады.
Оқиға былай болыпты.
Қарызға ақшаны ол менен ғана емес, бірталай адамнан алыпты. Алып тұрып ойлапты; енді бұл ақша саған жоқ деп. Сөйтіп жұрттан алған ақшаны бизнеске салады ғой. Бірақ бизнесі жүрмейді. Қайда ұрынса да зиян шеге беріпті. Ақыр аяғы бизнес жасап баю былай тұрсын, тақыр кедейге айналады. Әркімге бір жалданып күнделікті тамағын әзер тауып жейтін жағдайға ұшырайды. Сөйтіп жүргенде біреу айтыпты, осылай да осылай, пәлен жерде бір ақсақалды қария бар, жолы болмай жүрген жандар сол ақсақалдан бата алады екен, батасын алған адамның жолы болады екен деп. Содан сол ақсақалға бұл да барады.
– Балам, иінің түсіп кетіпті ғой, – деп әлгі ақсақал бұны көргеннен сөзге келіпті. – Екі иығыңда екі албасты отыр. Сені төмен тұқыртып, қайда барсаң да жолыңды болдырмайтын – солар. Одан құтылмай жолың ашылмас.
Бұл ойлапты, қазір қолындағы қамшысымен екі иығымнан екі тартып, екі албастыны екі жаққа ұшырып түсірсе екен деп.
– Мойныңда қарыз ақша бар. Алған кезде ойың арам болған. Қарызды қайтару керек, сонда жолың болады, – депті қария. – Қайтарасың ба қарызды?
Көрмей-білмей қалай сезіп отыр деп, қорыққаннан жүрегі дүрсілдеп ала жөнелген ол:
– Қайтарам, ата, қайтарам, – деп, басын шұлғи беріпті.
– Бәрекелді, ал онда қолыңды жай, батамды берейін, – деп, батасын беріп, шығарып салыпты.
Былай шыға бере, енді қолыма ақша түссе, қарызды түгел қайтарармын деп ойлапты. Сөйтіп келе жатқанда көптен көрмеген бір досы кездесе кетеді. Ол бұған өзінің жұмысы гүлденіп жатқанын, оған бір өзі үлгере алмай жүргенін айтып, «Кел, бірге істейік» дейді. Сөздің қысқасы, қолына ақша түсе бастайды. Ол ақшаны кезінде қарыз берген адамдарға апарып тапсырады екен. Маған да осы мақсатта келіпті.
– Ойпырмай, ә! – деппін, таңғалып.
– Саған өтірік, маған шын, содан былай жолым бола бастады. Досымнан бөлініп, өзіме жеке бизнес аштым. Қарыздан, міне, түгел құтылып тұрмын, – дейді.
Бетіне бажырайып қарап қалыппын. Баяғы қарыз сұрап келген адам емес, мынау басқа адам. Шын жүрегімен айтып отыр әңгімені. Не дерімді білмей, басымды шайқай беріппін. Ауық-ауық «осы шын ақша әкеп отыр ма» деп күдіктеніп, қолымдағы ақшаға көзімнің қырын салып қоямын.
– Әгәр қарызың болса, тез қайтар, сонда жолың болады, – деп, бір кезде ол ақыл айтуға көшкені.
Міне, бүгінгі қуанышты жаңалық – осы. Ең басты қуанышым қарыз ақшамның қайтқаны да емес, мынау танысымның харам жолдан шығып, халал жолға түскені.
ҚАРЫЗСЫЗ ӨМІР ҚАНДАЙ ТАМАША!
Нұрлыбек САМАТҰЛЫ




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу