03.11.2021
  619


Автор: Ғибратты әңгімелер

Жәннат пен тозақты «көрген» жан…

Таныс жігіттің атасы қайтыс болар алдында Жұмақ пен Тозақты көріп қайтқан. Ғибратты оқиғаны оқып, ойланыңыз!


Бірде ораза уақытында кешкісін бір сыйлас бауырымыздың үйіне төрт-бес адам ауызашарға бардық. Онан соң, үй иесі Бекмұрат бауырымыз бен келіннің қызды болсақ деген тілектеріне жақсылап дұға жасадық Кейін тарауық намазының ортасындағы дем алыста, Данияр бауырымыздың басынан өткен оқиғасын естіп, қайран қалдық.


– Қайын жұртым, елдің Батысы, Ырғыз жақтан, – деп бастады әңгімесін Данияр. – Қайын атам ауырып, үйдегі келіндеріңіз, ол кісінің апа-сіңлілері мен бажалар, ағайынп-туған барып, көңіл сұрап жатырмыз. Атамыздың тілі байланып, сөйлеуден қалған.


Алланың қалауымен, бір күні, ұлы мен ұл-қыздарының анасына, аузы-мұрнын шайғысы келетінін ишаратпен ымдап көрсетеді. Бәйек болып, жылы су әкеліп шайса, аузы мен мұрнынан түйіршіктелген қан сияқты бірдеңе шығып, тілге келіп, кәлиманы айтады. Мен намазда болып: «Ата, тіліңізді кәлимаға келтіріп қойсаңызшы», – деп ұстаздардан естігенімді бұрын да айта беретін едім.


Атамыз тілге келіп, жақын жердегі, қыздарын шақыртып, байыппен осы уақытта басынан өткенін айта бастады. Енді, сол кісінің атынан баяндайық.


Атамыз айтады: Екі жігіт келіп, қолтығымнан алды да, аспанға көтеріле бастадық. Төсекте жатқан өзімді, бәріңді көріп барамын. Қалықтап кетіп барамыз. Жер титімдей болды, тіпті тарыдай болмай көзден ғайып болды. Әйтеуір дегенде, бір жерге келдік.


Екеуі бір есікті ашып еді, жаныңды рахатқа бөлейтін бір керемет иісті сездім. Кеткің келмейді ана жерден. Бірақ, келесі есікке жетелеп апарып, ашып қалып еді, бірінші жерден кейін бір орташа, жақсылығы мен жамандығы аралас, қиындығы шыдауға болатын мекен екен. Онан үшінші есікке келдік. Ашыла салғанда, сондай мүңкіген, сасық иіс бүкіл тынысымды алып, жан айқайы шығып шыңғырған дауыстардан есім кетіп, екі есікке кіргізбеді. Енді осы жер мекенім болады екен деп, жылап жалына бастадым. «Иә, Жаратушым, мендей құлыңды кешірші, кешірші, кешірші», – деп жалындым.


Сонан, сол жерде: «Мұның әлі күні біткен жоқ, Жерге қайтарыңдар!» – деген бұйырық келді. Қасымдағы екі сапарласым қайта қолтықтады да, жөнелдік. Кетіп бара жатып, көзім шалғаны, сол есіктерге адамдар кезекте тұр екен.


Өз үйім, өлең төсегім, бала-шаға. Енді, келіңдер, сендерге айтарым сол, мен көп уақытқа келмедім-ау. Мынау айықпас дерт екені белгілі ғой. Сендер көрмей тұрған, артымдағы екеу, осының бәрін айт деп тұр. Сендерге жеткіздім. Енді, дайындалыңдар!..


Данияр. Естігенімізден бәріміз есіміз кетіп, дайындық қамымен біреуіміз малға, екіншіміз қажет заттарды қамдаумен кеттік. Үшінші күн дегенде, атамыз, қасындағы отырған қыздарын шақырып: «Ал енді мен қайттым. Аллаға аманат. Бақұл болып тұрыңдар. Қорықпай, ашық қалған көздерімді жауып, ақтап шығарып саларсыңдар», – деп, Алла берген жанын тапсырды.


Жаназа. Жоқтау. Жерлеу. Бәрі өтті. Атамның өмірінің соңында, тілін кәлимаға келтіріп, періштелерін жіберіп, бәріміз баратын жақты көрсетіп, артында қалып бара жатқандарға мұғжиза көрсетуінің себебі неде екен?


Кеңестік дәуірдің идеологиясы, ғылыми атеизмі қанына сіңіп қалған аға буын өкілі болған қайын атаммен осындай жағдай болғанында бір сыр бар ғой деп сұрай бердім. Сөйтсем, шынымен де атам жарықтықтың үнемі жасайтын бір сауапты амалы бар екен. Ол кісі, көлікпен келе жатып, жолда қалып қойған мүсәпірді қазақсың, орыс не басқа ұлтсың, ішіп алғансың деп қарамай, үйіне әкеліп, тамақтандырып, жуындырып, қонатын жайын даярлап, таңғы асы мен жол қаражатын беріп шығарып салады екен. Міне, жар салып, рия қылмай, ізгі амал жасап жүрген құлын Алла көруші. Осылай да болады екен.


Пайғамбарымыз (с.а.с.) заманындағы мұғжизаларды, сахабалар мен ізгі халифалардың, табиғиндардың амалдары айтылса: «Енді, олар ұлылар. Алланың сүйген құлдары, олардың иман беріктіктерімен салыстыру қайда. Біз бір әлсіз пенделерміз ғой», – деп, сыныққа сылтау іздей бастаймыз. Ал енді, осы заманда, қасымыздағы бауырымыздың қайын жұртында болған оқиға бізді ойландыра ма?


Әңгімеміздің соңында миллиардер Стив Джобстың өмірден өтер кезіндегі өкініш сөздерін жаза кетуді жөн көріп отырмын. Ол не деп еді:


«Мен іскерлік әлемде өз шыңымды бағындырдым, сырт көз менің өмірімді жетістіктің мәні секілді қабылдады.


Дәл қазір төсекке таңылып жатып өткен өмірімді көз алдымнан өткізсем, жанымды алмай қоймайтын ажалдың алдында байлығымның еш мәні жоқ екен.


Сіз көлігіңізді жүргізушіге тапсыруыңыз мүмкін, сіз үшін өзге біреу ақша табуы мүмкін, алайда ешкім сіздің ауруыңызды өзіне алып, сіздің орныңызға төсек тартып жата алмайды.


Жас ұлғайған сайын ақыл тоқтатамыз, осылай жүре-жүре $30 тұратын сағат та, $300 тұратын сағат та бір уақытты көрсететінін түсінеміз.


$30 тұратын әмиян ұстасақ та, $300 тұратын әмиянымыз болса да, ішіндегі ақшаның саны бірдей болады.


150 000 доллардың көлігін мінсек те, 30 000 доллар тұратын көлік айдасақ та, межелі жерге бұйырған уақытында жетеміз.


300 шаршы метрді құрайтын жерде тұрсаң да, 3 000 шаршы метр жерде тұрсаң да, жалғыз болсаң, бәрібір жалғызсың.


Ішкі әлеміңіздің бақыты бұл әлемнің материалдық заттарымен өлшенбейді.


Жоғары класс билетін алсаңыз да, эконом-класс билетімен ұшсаңыз да, ұшақ жерге құласа, сіз де бірге құлайсыз…»


Осы сөздердің бәрін атамыз қазақ: «Аса байлық не керек. Ден сау болса болғаны-ай», – деп тобықтай түйінін айтып еді.


Даусыз болған дәлелдер;



  • Балаңызды бай бол деп өсірмеңіз… Оларды бақытты болуға үйретіңіз. Сол кезде олар кез келген нәрсенің бағасын емес, құнын білетін болады.

  • Тамақты дәрі ретінде талдап жеңіз. Әйтпесе дәріні тамақ сияқты тұтынуыңызға тура келеді.

  • Сізді шын жақсы көретін адам сізді ешқашан тастамайды. Тіпті сізден бас тартуға 100 себеп болса да, сізбен бірге болуға 1 себеп табады. Жақсы көретін адамыңыздан ешқашан бас тартпаңыз.

  • Адам болу мен адамилықты ұстану екі түрлі дүние екенін ұмытпаңыз.


Сөзіміздің соңында, осы айтылғандарға мұрындық болған тақырыбымыз, өмірден өтер кездегі ақсақалға, бәріміздің туғаннан жылжып баратын мәңгілік мекенімздің көрсетілуі болды. Қанша өмір сүргенің емес, не жасап, не істегеніңде. Соны салмақтап, Алла тағала Өз рахымымен ана есіктердің қайсына кезекке жіберетінінде!


Бұл оқиғаны естіп, бәлкім мен де елге жеткізуге себепкер болуым керек шығар деп, оған қоса жақсылыққа шақырайын деп жазуға отырдым. Артық болды деп реніш болмасын, жақсылыққа шақыру баршамызға аманат, сүннет амал ғой.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу