Өлеңдер ✍️

  03.11.2021
  212


Автор: Қази Данабев

Жиырма бес

Жиырма бес, саған жетерде,
Желмая мініп келгенмін.
Жиырма бес, сенен кетерде,
Жел қайық болып тербелдім.
Өзіңді кім деп қойыпты ел,
Оңаша қалып ашыл да,
Осылай сұрақ қойып көр,
Не істедім ширек ғасырда?
Жиырма бес жылда жүйрікке,
Құлаштап құрық тастамай,
Жиырма бес жылда жүйріктей,
Сурылып топты бастамай.
Ой қуып, білім бөктермей,
Өлі күндерге от бермей,
Кең дүниені көп көрмей,
Ұйқысыз түндер өткермей,
Селтеңмен уақыт өткен бе, ей!
"Домбырам басы долана"
Думанды топқа бара алмай,
Жиырма бес жаста жер-ана,
Кеніңді қазып ала алмай.
Көңілім білмей сергуді,
Көкірегім жырмен оянбай,
Тап басып, баба, орныңды,
Балбала тас та қоя алмай,
Жиырма бес желіп барады-ай.
Жиырма бесте жасыл ойнатпай,
Жарқырап жанып қалмассың.
"Отызда орда қиратпай,
Қырықта қамал алмассың".
Жанбадым, жалын күткен ем,
Жегідей енді жеймісің.
Жиырма бесімде бітпеген,
Елуде бітер деймісің.
Қайтпайтын маған көктем-ау,
Итеріп тастап кеткені-ау.
Жастықтың жарқын беттері,
Жиырма бесімнің өткені-ау




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу