Өлеңдер ✍️

  03.11.2021
  291


Автор: Қази Данабев

Балдақты қыз

(Баллада)

Шарап емес,
Бақытқа мас жанымыз,
Бақытқа мас сұлу қыздар қаншалық.
Сол бір кеште -
Өзің барсың,
Бәріміз,
Ойнадық-ау,
Отырдық-ау ән салып.
Жұрт биледі,
Дөңгеленіп,
Айналып,
Кең бөлмені кетті кернеп ән-бұлақ.
Көңілсіздеу бір сұлу қыз ойланып,
Қозғалмады,
Қозғалмады ол бірақ.
Бар қуаныш, бар қызығы төзім боп,
Отырады қарап жұртқа сақтана.
Той басында сөз айтқанмын әзілдеп,
Жауабына жымияды тек қана.
Әлденені айтатындай оқталып,
Айта алмады ол,
Көмейінде сөз қалды.
Той үсті ғой,
Қайта сұрап жатпадым,
Вальс ойнап,
Би жанданып,
Қозғалдық.
Ой болсайшы биден өзге басымда,
Жақын бардым қолтығынан алғалы.
Көрдім қыздың жанарын да жасын да,
Айту маған қиын енді қалғанын.
Келіп саған,
Бір-ақ ұқтым мән-жайды,
Балдақ емес,
Табыт көрген жандаймын.
Мен тәңірді,
Мен тағдырды қарғаймын,
Мен көзімді қос балдақтан алмаймын.
Бір ауылдың қызы екен ол елде ерен,
Ұл орнына шаңырағын ұстаған.
Әкең байғұс,
Ер баланы көрмеген,
Жылқышы екен,
Елден жырақ қыстаған.
Қыраулы қыс!
Қиындыққа көніпті,
Ерте тұрып,
Атқа қонып ақ таңда.
Білмепті ол шаршау менен тынымды,
Жүрегінде қайсарлығы жігіттің.
Жылқы қуып,
Құйғыту боп іңкәрі,
Бір боранда әке тілін ол алмай,
Қара түнде сүрініпті тұлпары...
Үйірінде кете берген оралмай.
Аман қалған,
Оны жастық ап қалған,
Қызығы бар,
Көрері бар,
Бағы бар.
Көп жылқының арасында шатқалдан,
Тауыпты жұрт талып жатқан шағында.
Кеш, қарындас,
Билей салар ғой деп ем,
Мендей аңғал ағаларың бар шығар.
Бас изедің
Құйылады кеудеңе,
Шарасынан асып шыққан тамшылар.
***
Сыртқа шықтым,
Жүрегімді мұң басқан.
Көктен жауып,
Жатты жұлдыз тынбастан.
Сұлу қыздың жан жарасын мен салған,
Жасыра гөр қанатыңмен, түнгі аспан.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу