Өлеңдер ✍️

  03.11.2021
  103


Автор: Қази Данабев

Құмдардың сусыраған тақсыретін

Құмдардың сусыраған тақсыретін,
Тыңдардың тусыраған тасты бетін,
Жаныммен желеу болып жұбатарға,
Шыңдарға алып шықтың жастық отым.
Шөлдерді шаңқай түсте шемендеген,
Көлдерді көзі бітіп төмендеген,
Кендерді қойнауына ел енбеген,
Жастығым жайнап кетсе сенен дер ем.
Қаратау!
Есіңде ме үйелеген,
Қайран-ай,
Қанатынан сүйеген ем,
Табанын тас-талқанғып Түрксібтің
Тастарын тасып салғам түйеменен.
Беліне егін салып боз даламның,
Меңіреу тіршілігін қозғағанмын,
Азия аптабына қыздырылып,
Сібірдің суығында мұздағанмын.
Ойнайтын сағымдары орап қашып,
Қонатын көз жасындай алапқа шық.
Жеттім саған тың дала,
Тізбектелді,
Арқада ақ шатырлар қанаттасып.
Жас па едің жеңіл іс пен айланы іздер,
Мен үшін
Қайда қала,
Қайда дүздер.
Жол салғам космосқа да
Келер ұрпақ,
Қол таңбам керек болса айдан іздер.
Мен жаспын дауылыммен бұлт айдаған,
Мен жаспын жанарымда күлкі ойнаған.
Мамырлап маң даламда май самалы,
Дабылдап дауыл болып бұрқай да алам.
Жылдар жүйткіп
Ғасырлар сан аунасын,
Жүйрік уақыт тартпайды жарау басын.
Менің жаққан жалыным, келер ұрпақ,
Саған жетіп
Көгінде алауласын.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу