Өлеңдер ✍️

  03.11.2021
  162


Автор: Қази Данабев

Ей... ей... ей!

Ей... ей... ей!..
Жарысатын далаға шық,
Арғымағым барады ала қашып.
Бар өмірім бір бәйге мәре қашық,
Ақ шаңыма жүрмеңдер араласып.
Құйрық-жалы сүзілген сәйгүліктер,
Мініп шыққан
Әй, жігіт,
Қай жігіттер,
Мына топтан суырылып алға шығып,
Таланыма таласар бар ма үміткер.
Бу, беліңді
Басына шалма байла,
Жарысамыз сонан соң андағайлап.
Дүрсілдейді жүрегі жеткен жердің,
Жетімсіреп қалады,
Қалған аймақ.
Менен қалған жаңғырып тұрсын үнім -
Сезсін дүние дүбірлі тіршілігін.
Намысы жоқ жігітке онсыздағы -
Өмір өзі ойнатар шіл шыбығын.
Жарысыңдар!..
Үмітті медеу қылып,
Аттанайық,
Бір-бірден бедеу мініп.
Жаяуға да орын бар тіршілікте,
Жабы мінген қалады
Желеу жүріп.
Самғар болсаң
Ал, енді самға бірге,
Дуылдатпай
Бардың не,
Бармадың не.
Жұлдыз болсаң шығарсың маңдайына,
Хас тұлпардан қалсаң да,
Арманым не?..
Ей... ей... ей!..
Қарап жүрме
Талапқа мін,
Аттарың -
Аман болсын қанаттарың.
Жез тұяқты жаумыттың тұқымынан,
Жабы болып жүрмесін жаратқаның,
Ей. Ей. Ей...




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу