Өлеңдер ✍️

  03.11.2021
  116


Автор: Қази Данабев

Арман

Арғымақ мінсем деп едім,
Тақымы жұрттың тимеген.
Ешкімге басын имеген,
Аршындай шапқан кезінде,
Ақ сағым болып билеген,
Шаңына көміп жабыны,
Шошытқан үні тағыны,
Арқанға тұрмас ағыны,
Ат біткеннің тәңірі.
Ару бір сүйсем деп едім,
Әлі күн ешкім сүймеген.
Ерніне ерін тимеген,
Тәлкегін көріп өмірдің,
Тауқыметіне күймеген.
Жақсыға болмас жаттығы,
Періште тектес пәктігі,
Даланың балғын ақ гүлі,
Өмірдің сол ғой шаттығы!
Жақсы жыр жазсам деп едім,
Әлі күн ешкім жазбаған,
Сан ғасыр өтсе азбаған,
Жарқырай жанып маздаған.
Тереңнен жанды тербетіп,
Көңілдің сеңін қозғаған.
Артымды алау от қылар,
Алтыннан тұлға соқтырар
Қолыма түспей жүр әзір,
Көк жиектегі - көк мұнар.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу