Өлеңдер ✍️

  02.11.2021
  107


Автор: Қази Данабев

Көктем жыры

Қабаштың басы қарабай,
Қарабай қанат қағады.
Көлшікке қонған жағалай,
Қалың құс қиқу салады.
Ауылдың арты тоған су,
Тоған су толып тасиды.
Төменде думан далам шу,
Төбемде күмбез жасынды.
Алқызыл кілем ай дала,
Айдары нұрға бөленген.
Аспанда,
Жерде,
Сайда да,
Көктемнің жүзін көрем мен.
Бетіңнен қаққан жел дүрмек,
Кімдерге ерік береді.
Ұялшақ қызды келін ғып,
Отауға сүйреп келеді.
Дүние қақты дабылды,
Думандап қазақ даласы.
Буалдыр бала сағымды,
Бусанған жерге қарашы.
Үймелеп көкке қарайды,
Үкілі басты қамыстар.
Үлпілдетіп жел тарайды,
Үпелектерін шаң ұстар.
Есіктің алды жыра-сай,
Жарқылдап ойнап жатыр күн.
Қарғымақ болдық құдаша-ай,
Ақырын, жаным, ақырын.
Шежіре қарттан аумаған,
Шекпенін шешті тау маған.
Ақ сақалынан төгілді,
Ақ моншақтары саулаған.
Дария тасып сең жүрген,
Сатырлап мұздар бөлінді.
Кіреуке сауыт жер киген,
Шығыршығына сөгілді.
Батсайы жонды бар өңір,
Шайқасаң күйге толып тұр.
Омырауы иіп ана-өмір,
Ағылда-тегіл болып тұр.
Қол созып көкке тал-қайың,
Күн де тұр құшып гүл құрақ.
Жіпсіген жердің маңдайын,
Алақанымен сүртіп ап.
Сәукеле қыздың басынан,
Сәуір боп,
Сәуле қаптады.
Боз үйдің босағасынан,
Оң аяғымен аттады.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу