Өлеңдер ✍️

  02.11.2021
  162


Автор: Сәли Садуақас

Қойдырдым

Жеңгем айтты:
«Әлгі қайыным – түйнекке,
Десем бүйтіп үйретпе!
Тілімді алмай кенжемді
Дәндетті тіл, бүйрекке.

«Шешең болсам егер мен
Түсірмес ем төбемнен!»
Деп жетелеп қалмайтын
Той-томалақ дегеннен.

Төрттен енді асқан-ды,
Ас та әңгіме бастайды.
Тамақ құрлы көрмейді,
Ет пен майдан басқаны.

(Қиқарын-ай Ермектің!)
Не десе де көнбеппін.
Бірақ әр күн жеңсігін
Қайдан тауып бермекпін?..

Ел не десе, о десін,
Балалыққа көнесің.
Жалғыз лақ бар еді,
Ұры әкеткен енесін.

Алдасам да көнбейді,
Айтқаныма сенбейді.
Тірі лақтың бүйрегін –
Тілін алып бер дейді.

Ақыр соны сойдырып,
Қарынымды тойдырдым
Мал қалмады,
Ермектің
Қылығын да қойдырдым!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу