02.11.2021
  258


Автор: Әкім Ысқақ

ҚАРЛЫҒАШ - ҚАЙЫРЫМДЫ ҚҰС

Шымкентте беделді жігіттердің қатарындағы, жақсылыққа жаны құмар, абзал жан, іскер азамат Құрманғазы Әбілдаев көлік апатына түсті. Облыстық аурухананың жансақтау бөлімінде өлім мен өмір арасында арпалысып жатты. Дәрігерлер жанұшыра жүгіріп жүр. Үміт пен күдік қарбаласта. Сәлден соң ақ желеңділер шарасыздық таныта бастады. Дәл осы тұста аурухана терезесінің алдында не қона алмай, не ұша алмай шырылдаған қос қарлығашқа еріксіз көзім түсті. Сәл уақыттан соң екі қарлығашқа тағы екеуі, біраздан соң тағы екеуі қосылып, терезе алдынан топталып кетпей қойды. Шырылдап, шиқылдай түседі. «Ей, адамдар, жақсы жанды құтқарсаңдаршы! Е, Алла, пендеңе өмір бер! Абзал адамның жанын алма» дегендей тұмсықтарымен Құрманғазы жатқан бөлме терезесін бір ұрып кетеді. Құлап барып, қайта көтеріледі. Адамдар бір-біріне достық пейілмен алғыс емес, дұшпандық ниетпен қарғыс айтқан мына заманда тілсіз құстың тағатсыздана тыпыршуы көпшілікті таң қалдырды, ерекше қатты әсер етті. Кейбіреулер «бұл бұрын-соңды болмаған оқиға» – деп жатты.
Бір кезде Құрманғазының жаны үзілді. Енді қарлығаштар басқаша дыбыс шығарып, жоқтағандай күй кешті. Төбемізде айналып ұшып, жүріп алды. Адамның досы атанған киелі қарлығаштардың осынау жан шырылы, ниетінің адалдығы бертінге дейін ұмытылмай айтылып жүрді. Арзан дүниеге елітіп, тіпті соған жан дүниесімен құл болып, адамдық ыстық ықыласты ұмытқан кейбір пенделерге ақ пейілді болуда қарлығашты үлгі етсе екен дейсің.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу