Өлеңдер ✍️

  02.11.2021
  307


Автор: Әкім Ысқақ

Кім кінәлі

Өмірде барлығы ойыңдай болмайды,
Кей кезде тағдырың тақсірет жолдайды.
Айрандай ұйыған бақытты отбасы,
Екіге бөлінсе, бәрінен сол қайғы.

Мүмкін бұл адамға тағдырдың сабағы,
Бақытпен тербелген отбасы жаңағы.
Арада күрделі кикілжің туындап,
Бірінен ажырап... ажырап барады.

Сот залы. Естілді екеудің есімі,
Бұл бәлкім өмірдің тым қатал кесімі.
«Жұбайлар ешқашан енді бір болмайды»,
Бұл соттың шығарған үкімі, шешімі.

Баланың жолында тәрк етіп барлығын,
Әкесі қарғады қатігез тағдырын.
Әйелі мәңгілік ажырап кетпекке,
Жинауда жасауын, ыдысын, жабдығын.

Өмірдің тигендей қатты бір шыбығы,
Басына түскендей «жетімдік» құрығы.
Көздері жәудіреп, жер жарып барады,
Үш бірдей баланың жан дауыс, шырылы.

«Әкетай, әкешім, тастама, кетпе» деп,
Үш бірдей құлыншақ налиды, өкпелеп.
Өйткені ананың ақ сүті бір басқа,
Әкенің орыны өмірде көп бөлек.

Кінәлі бұған кім, әке ме, ана ма?
Әлде кім? Бейкүнә бала ма?
Шырылы жаныңды қарып бір өтетін,
Әкесіз балалар – қанатсыз шағала.

Бақыттың үзілді осылай сабағы,
Көңілдің түнерді қабағы.
«Әкетай, әке» деп бейкүнә үш сәби,
Ананың ізінен еңіреп барады...
Кім кінәлі?




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу