Өлеңдер ✍️

  02.11.2021
  616


Автор: Әкім Ысқақ

Асыл ана

Қуансам да, шаттансам да, күлсем де,
Бір бақыттың биігінде жүрсем де.
Әрбір істің тереңіне үңіліп,
Өмір сырын, өмір мәнін білсем де,
Ол – сенің арқаң!

Арманы асқақ, адал достар тапсам да,
Құрметтесем, көңілдерін бақсам да.
Ізгілікпен, адамдықпен өркендеп,
Әр жүрекке жырдың отын жақсам да,
Ол – сенің арқаң!

Тек жақсылық, тек шарапат көрсем де,
Бар қайғыны жігерленіп жеңсем де.
Аталардың рухына адал боп,
Аманатын арқалаумен келсем де,
Ол – сенің арқаң!

Жан дүниемді махаббатқа толтырған,
Өзің барда алдымда асқақ жол тұрған.
Адамдарды тек сүюге үндеген,
Бағаң – биік, киелі – атың, зор – тұлғаң.

Өмір құнын қасиетпен өлшеген,
Өзгермейтін дара тұлға, еңселі ең.
Жалыныммен маздап келе жатырмын,
Мәңгі сөнбес алау алып мен сенен.

Бір мен үшін күнге ауысып түн деген,
Жыласам да жабырқауды білмеген.
Бұл өмірдің жолдарында бұралаң,
Ақ жаулығы – адал жолға үндеген.

Өзгермейтін, көнермейтін сан жылда,
Сенің асқақ махаббатың бар мұнда.
Әлемдерді әлдиімен тербеткен,
Бас иемін құдіретіңнің алдында.
Асыл анам менің!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу