Өлеңдер ✍️

  02.11.2021
  148


Автор: Әкім Ысқақ

Өмірде

Өмірде ұнайтындар көп,
Барлығы бірдей ұнатқанына жете алмайды,
Өмірде құлайтындар көп,
Барлығы бірдей қайтадан тұрып кете алмайды.
Өмірде жылайтындар көп,
Барлығы бірдей жадырап жайнап жұбана алмайды,
Өмірде қайғыратындар көп,
Барлығы бірдей сайрандап ойнап қуана алмайды.
Өмірде қателесетіндер көп,
Барлығы бірдей ағаттығынан сабақ алмайды.
Жігері жоқ жан ғана бәйгеде дара болмайды.
Мейірімсіз аң ғана ешкіммен достаса алмайды,
Нағыз достар көңіл қимайды, қоштаса алмайды.
Зымыраған дүние-ай, қала ма жадыңда ғалам,
Тағдыр мәнін ұғады шынайы сағынған адам!
Көпті көрген сезеді өмірлік жұмбақтың мәнін,
Тыңдауға да төзеді қайғырған мұңдақтың әнін,
Өмір болған соң мадақталарсың, айыпталарсың,
Ажалың келсе, қас қағым сәтте ғайып боларсың.
Оттан да ыстық көңілің барда,
Жалындап жанған өмірің барда,
Намысқа басар сенімің барда,
Парасат атты көрігің барда,
Іздеген арман, мақсатты төрің келеді,
«Жасай бер, Адам!»
«Жасай бер, Өмір!» дегің келеді!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу