01.11.2021
  436


Автор: Тұрсынжан Шапай

Әулие ағаш

Жапанда жалғыз ағаш егіледі...


 


Әулие ағаш түс көрді. Қалың орманның ішінде, жасыл дүниенің төрінде екен. Таңда шыққан Күнді жапырағы желбірей иіліп, көкжиектен көтеріп алыпты... Құс біткен алтын шуаққа шомылып, алтын қанаттары жалтылдап, ән салады. Күнге мадақ. Көкжасыл тіршілікке мадақ... Ұшар басында екі алтын көкек жұптасып, бір ырғақпен лебіз қосады. Екеуінің үні айналаға гүл болып тамады. Көкжиекке дейін құлпырған гүл... Қызыл, жасыл, көгілдір... тамшылар, тамшылар... Желбір жапырақ жамылған алып бұтақтары аспанды қаусырардай аумақтана жайылып, көлемдене көтеріліп, бойын көкке ұсына теңселген Әулие ағаш желмен толқындап, қою сыбдырлап, осы қызыққа қанар емес, бұл суретке тояр емес... Бұл сурет, осы қызық, сірә, мың жылға созылған... Әлде қас-қағымға... Сол кезде кенет күн күркіреп, аспан қақ айырылып түсті. Жаңа ғана түсінде көрген Күні бар түнегінен, алтын елесті салқын сабатынан адасып, тозақтың отындай қарыған аңызақ аптапта оянды. Жапырақ жоқ. Қызық жоқ... Құс та келмейді. Қураған бұтақтарынан әрәдікте үгіліп, шіріп түсіп жатқан, қайсыбірі байланған тұсында күл түстене бозарып, оңып, түйініне ілініп, үлбіреп әрең тұрған шүберектер салбырайды. Мың жыл өтті, әлде қас-қағым — найзағай түсіп, өзегін өрт алғалы, ақтық байланбаған. Жапырақ орнына, күйген қаңқасынан қу бұтақтың күлдіреген қабығы мен самал жел сәл қозғаса, елбіреп, іріп түсердей көнерген шыт-шүберек саусылдай төгіліп, Әулие ағаштың тозған тұқыл, сұрықсыз діңі дуананың қырық өрім шапанындай жалбырайды. Аулағырақта, ертеден бері осы маңнан кетпей, жалғыз көкек ұшып жүр. Ұя салмайтын көкек... Бейбақ не деп сұңқылдайды? Серігін іздей ме? Жалғыздығын шаға ма? Кімге?


Әулие ағаш біледі... тамырдың есінде: көкек-дос еді. Жел, жаңбыр-дос еді. Көкек-дос жел-досқа айтқан шығар, жел — түнерген түйдек бұлтты шақырып, нөсер жаңбырды айдай жеткен болар-әйтеуір, неше күнгі әуе айналып, жерге түскен аптап пен аңызақтың соңы аласапыран, астаң-кестеңге айналған. Қорғасын сұр, қара түнек түспен кезек аунаған әлемтапырақ аспанда түйдектеле жөңкіген зілмауыр бұлттарды алапат дауыл біресе жұмарлай тоғыстырып, біресе көшкен сеңдей күңіренте сөгіп, жалбырата жыртып, сойқан салған... Мың мәрте көрген құқайы- Әулие ағашқа қызық еді. Діңі солқылдаған жас, көкөрім кезінде жапырағын үзіп әкетердей суырып соққан боранның ыңғайымен толайым майысып, сынып кетердей иіліп, басымен жер сабалаған талай... Кейін діңі толық, өзегі берік алыпқа айналғанда, ауыр сықырлап, байсал ырғалып қойып, бұйра басының ұйпа-тұйпасын шығара жұлмалаған қандай желдің де аптығын басып, түк болмағандай, жапырағы бейбіт жамырап, шығарып салар-ды. Мың жыл... әлде қас- қағым — солай тұрып, өзінің түбі бір келер Най­зағайын күткен... Қазір мұны тәтті түс, алтын елесінен оятқан — сол, бір келген тағдырдың, енді сәт сайын жадынан оралып шықпайтын сұрапыл жаңғырығы еді. Бұл қурап, семген сайын, күтірлеп аспан құлағандай сұмдық жаңғырық үгілген өзегін кеулеп, кернеп барады.


Әулие ағаш... Тамыры — топырақпен, жа­пырағы — нұрмен, желмен, жаңбырмен, құспен сырлас еді бір кезде. Төрт жағында төрт түп бозқараған көгеретін. Көктемде тарам-тарам сом бұтақтары бүршік атып, бусанған зәулім дарақ аспан — жер — шыңырау түнекті бір өзі тұтастырып, өмір нәрін сүзген киелі Әлемдік ағаштың кемел бейнесіндей толықсыр еді. Құдіреттің ұрығы ұлы жолдан жырақ, елсіз сардаланың төсінде болар-болмас көтерілген жазықша дөңес үстіне түсіпті... Қашан еді — Әулие ағаштың есінде жоқ. Сірә, мың жыл бұрын... Түбінде — жылтыраған тұма. Жылап аққан сорабы сұрғылт жердің бетінде жіңішке жасыл тап болып созылып, алыстап барып, сонау бір көз ұшындағы ойпаңда көлкіген сазға барып сіңеді. Қалың құрақ өскен оймақтай ғана ойпаң осы қырат үстіндегі жалпақ жон, сұрғылт жазықтан қарағанда, көзге дөп-дөңгелек жасыл мөрдей басылар-ды. Жазық дөңес үстіндегі шалқар саялы, шадыман сыбдырлы, теңселген бұйра толқынды Әулие ағаш көк күмбезді өзі көтеріп тұрғандай еңселі еді...


Осылай тұрып, ол өзінің Найзағайын күтті... Мың жыл бойы, әлде қас-қағым уақыт па... — қол созымда бал-бұлдаған ыстық сағымды қы­зық­тады. Сонау... — Жердің шегіне дейін тол­қын­даған мол сағым, мөлдір телегей көкжиекке шымыр-шымыр билеген майда иректер сызады. Көкжиек — ағады... Әулие ағашқа — қызық. Жан­ды-жансызды ақылынан адастырар аңылжы­ған аптап, сілтідей тынып, желсіз, лепсіз талмаусырата буған тұрған тынжық қапырықта тіршіліктің жалғыз тынысы — сұрғылт өңді иен дүз, меңіреу жапанда жапырақ жайған бір уыс көкбұйра толқын — өзім деп ойлайды. Көлеңкесінде бүлк-бүлк қайнаған тұманың суы сарқылған емес. Жа­пырағының арасынан күн сығалай алмас тұтасқан жасыл желек, бұйра толқынның кө­леңкесі де саңылаусыз қою, самалды, саялы. Лүп еткен желемік алдымен Әулие ағашты табады... Бұтағына құс ұя салады. Төңірегінде жылан ме­кендейді. Бұтаққа оратылып, басын қақшитып, ұяны бағады. Ағаштың өз қызығы өзінде: жа­пырағы сыбдырлайды, бұтақтары тербеледі. Жаманшылық не, жақсылық не — Әулие ағаш білмейді. Құспен де сырлас, жыланмен де сыйлас. Табиғаттың даналығы, жаратылыстың сабыры... Жылан құстың балапанын аңдиды. Жыланның көзін дәуіт шұқиды... Ағашқа — қызық. Ағаш — құсқа да пана, жыланға да — өз үйі. Қанша балапан жем болды, қанша жылан опат болды — есебі жоқ. Кеткен құс қайта келеді, діңін қытықтап, жылан да оралады. Осылай мың жыл өткен... әлде — қас-қағым... Найзағай келгенше...


Мен білем, Әулие ағаш, сен көк күмбезді өзің көтеріп тұрғанда, құлазыған сары даланың әлдебір қиырынан көзі шалып қалған кездейсоқ жолаушы ғана емес, алыс-жақын төңіректегі елден де арнайы келіп, ақтық байлап, тәу етіп кететіндер көп болушы еді. Төбеңнен жай түсіп, діңіңді күйік шалып, жапырағың қурағалы, кеуіп-қатқан бұтағыңа ара-тұра шыт байлап, дұға қылып тұратын бір-ақ адам қалған... Осыдан көп заман бұрын, әуе айналып, жерге түскен дәл осындай бір күні, омырауы есіктей боп, шиыршық ата бусанған керқұласынан сүйретіле түсіп, түбіңде тұнған тұмадан сау қолының шынтағына тірене, жантайып жатып, су ішкен, қан мен терге малшынған ақ жейдесін жыртып, оқ тиіп, талқан болған оң қолының жарасын таңып, бұтағыңа ақ­тық шалған — сол еді... Сосын кездігінің ұшы­мен шұқылап, бір уыс топырақты жан қал­тасына салды. Шүберекке түйіп жатар мұршасы жоқ-тын... Аттарының тұяғынан селдір шаң шұбақ­талып, сонау көгерген ойпаңның арғы шетіне енді іліккен қуғыншылардың қарасын шолып, ентігіп, сәл тұрды да, жаралы қолын ерге артып, тізгін ұстаған сол қолымен ат жалынан уыстай тартып, аяғын үзеңгіге салды. Күнқағарларының маңдайында қызыл жұлдызы бар, бір жақ иық­тарынан асынған мылтықтарының ұшы шошаңдап, дүмі сандарын сабалап, еріндері кезерген, азып-тозған бес-алты қуғыншы сенің көлеңкеңе іркес-тіркес жетіп, қара тер боп, қан-сорпасы шыға сүметілген аттарынан секіре-секіре түсіп, жапырлап, тұмаға бас қойғанда, бәйгенің алдын бермеген сүлік құласымен жалғыз қашқын сардаланың сағымын шайқап ағып, бірте-бірте көз ұшында бұлдыраған титтей ноқатқа айналған. Қуғыншылар есін жиып, дүрбі салғанда, алыста шаңытқан бозғыл мұнарға сіңіп, жоғалып бара жатты. Бозғыл мұнардың ар жағы — шекара, жат елдің иелігі еді. Қашқынға өз елінде пана жоқ еді...


Әулие ағашқа аулағырақтан көз салғанда, ар жағындағы көкжиек, көк күмбездің шегі, шымылдық боп тартылғандай, қоса көрініс берер-ді. Сондағы оның сәулеті жасылбұйра толқындармен көгілдір жібекке басқан суреттей еді. Бояуы шымқай, өңі айқын, тамылжыған тұнық кеңістікте я бар, я жоқ тылсым елестей еліктіретін. Ендігі ұсқыны — тозған кенепке бормен сызған сұлбадай болды. Қазіргі қалпы — өзімен бірге қурап, оңып, тозып бара жатқан өмірсіз сұп-сұр, бозамық дүниені тәрк етіп, «Енді жанымды қинамай, тез алшы!» деген зар тілек, мінәжатпен көкке бағып жалбарынған арса-арса қаңқа, шалажансар әруақ сияқты еді. Бір жақ қапталын толайымен күйік шалған алып діңі мен арбиған бұтақтарының шимай-шатпақ, түсініксіз таңбадай мына аянышты бейнесі — табиғат-тағдырдың қас-қағымдық ызалы, шабытты түйсігі бір-ақ сәтте, отты қылқаламның жалғыз сілтесімен жаратқан айран-асыр, қияли композициядай көрінді маған. Қайсыбір түндерде Әулие ағаштың арбақ-сарбақ қу қаңқасы бетіне шым-шытырық қара сызық болып басылған қызыл Ай ирек-ирек шытынап тұрды...


Арада көп жылдар өткенде, Әулие ағаш, жапырағың жайқалып, желегің төгілген саялы, самалды, бақытты күндеріңнің бірінде, орамына әлденеше адамның құлашы жетпес қожыр-қожыр діңіңді құша, бетін басып, сақалынан аққан тарам-тарам көз жасы омырауын бояп, жалғыз шал тұрды. Баяғы, түбіңдегі тұмаңнан су ішіп, бір уыс топырақ алған, асығыс жарасын таңып, саған ақырғы рет ақтық байлап, қиыр асып кеткен менің тағдыры шырғалаң әкем еді ол... Туған жерге оралғанда, алдымен сені іздеп келді... Бірге туған бауыр-туыстан тұттай жа­рықтық, сені қара тұтып, алдымен саған келіп көрісті... Сен таныдың ба, танымадың ба — оған бәрібір болатын. Сен ол үшін, бір кездегі, туған жерден бұйырған ақырғы бір жұтым су, жаны қысылып келгенде, тыныс шақырған жапырақ-желекті, сыбдырлы-көлеңкелі соңғы сая, тұмар ғып түйіп әкеткен бір уыс топырақ едің... Та­мырыңды найзағай қопарып, тәніңді дерт алған, ақырындап сөніп, бірте-бірте семген кейінгі ұза-а-ақ, азапты төрт-бес жылда қашан аттан түсіп, аяқтан қалғанша, деміл-деміл саған келіп, саясынан сән кеткен селдір көлеңкеңде ойға батып, көп отыратын. Өзегін дерт кеулеген кәрі ағаштай, күндердің күні, ол да опырылып түсіп, қамшының сабындай опасыз пәниден бетін бұрды... Көз жұмарында өз қолымен аманаттап тапсырған бір жапырақ шыт орамалды алып, саған енді мен келіп тұрмын. Ғазиз аруақтың ең соңғы аманаты. Саған байланар ақырғы ақтық...


Мен сенімен қоштасқалы келдім, Әулие ағаш...


* * *


... Көкжиектің сызығы бүлкілдеп, шымырлай қайнаған сағым қайта көтерілді. Сағым — мөлдір от, түссіз жалын боп шалқиды. Ақжемденіп, тозып кеткен күн ескірген бозмұнар аспанда тапжылмай сарғайып, күйіп барады... Балағынан кәрі жылан өрлеп келеді екен. Баяғы жұмсақ түрпідей майда қытықтаған жыбыр-жыбыр аяқтарын қураған діңі сезе алмады. Ирелеңдей жылжып, жоғары қарай сусып аққан кәнігі жылан, асықпай өрлеп, төменгі жуан бұтаққа ілінді. Үстіне шығып, күншуаққа қыздырынып, ұзы­нынан созыла түсіп, жатты. Сұр жылан қу бұтақпен бұтақ болып тұтасып, білеулене дөңестенеді... Желемік тұрды. Бірақ елгезек желдің лебізіне қуанар жайдары жапырақ жоқ. Біртіндеп қатайған жел қураған діңге, арса-арса бұтақтарға соғылып, ызыңдап, бір құлазыған күй созады. Жалғыздықтың күйі... Аулақта сұң­қылдаған көкектің де сыры — сол... Әулие ағаш қалғып-мүлгіген мына өң мен түстей бұлдыр күндерге, шыжғырған аптапты, қурап-семген азалы, бар мен жоқтың арасындағы жантәсілім азапты тіршілігіне қайтып оралғысы келмейді. Мәңгі ұйқы, тәтті тынымға біржола шомып, нәрі суалып, өзегі кепкен өлі тамырларының еміс-еміс түйсігінде қалған қара орман, жасыл жәннаттың төрінде оянсам дейді... Тамыр — ең соңғы түбіртек-тұқылы қалғанша, өзін ұмыт­пайды. Ештеңені ұмытпас қара Жердің тоң боп қатқан жадынан жібіп, көктеген ұрық, ең ақырғы үзігі шіріп біткенше, жалғасын сезіп жатады... Я бар, я жоқ, сағым бейнелі алдамшы ғайыпта ұзақ ілініп тұрған ғұмыр жібі біржола үзілерде, боз­қараған арасынан қылтиған жалғыз түп жаңа өскінді тамырын жасын қырқып суалтқан Әулие ағаш сол сөнер-сөнбес бұлыңғырда сәтке ғана оянып-өшкен ақырғы түйсігімен аңғарып үлгерді деп ойлаймын...


Енді оянбайтын соңғы ұйқысының талмаусырата тартқан тәтті түнегінде ұмытылып бара жатып, Әулие ағаш түс көрді. Тарбия жайылған қу сүйек саусақтардай көкке жалбарына ұмсынған шимай-шытыр, сұрықсыз бұтақтарының басына көкек ұя салыпты... Жалғыз көкек...




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу