Өлеңдер ✍️

  30.10.2021
  172


Автор: Серік Сағынтай

Күн мен түн

Дүниенің бір шетінде сен жүрсің,
Дүниенің бір шетінде мен жүрмін.
Мені көріп сүйсінердей ел бір күн,
Сені көріп күрсінердей тең құрбың.
Жастық қалды, жанарында мөлдір мұң...
Дүниенің бір бөлігін Күн сүйді,
Түн иегін Айға сүйеп сыңсиды.
Күнді сүйіп жарты ғалам тыншиды,
Түн түршігіп, шық боп жасы ыршиды.
Дүниенің бір шетінде таң күліп,
Түн көшеді көкжиекті қан қылып.
Жаңа күнмен жанарда нұр жаңғырып,
Қара түнде қалар мұңың мәңгіріп,
Сені көрмей кетемін бе мәңгілік?!
Дүние ме — Күніміз бен түніміз?
Бір Иеге сыйынумен тіріміз.
Ей, қу жалған, төбесі нұр, тіні мұз,
Біз бөтенбіз бірімізге біріміз.
Бірақ, бізді ғашықтар деп біліңіз...
31.01.2004.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу