Өлеңдер ✍️

  30.10.2021
  229


Автор: Серік Сағынтай

Көктемгі жел

...Сыңғырлап бір күлдіңіз,
Еріп кетті көңілдегі сүңгі мұз.
Айтыңызшы, бұған дейін көрінбей,
Қай көшемен, қалай тыныш жүрдіңіз?
Қазір көктем қырда қызу құтты шақ,
Сыз басар тек кер кеудені дық қысап.
Балқаш жатыр қыртыстанып мұз төсі,
Кілегейі алынбаған сүт құсап.
Сықпыты осы мұз көлдің,
Сұрғылт тастар жағалауға тізген мұң.
Бүр бітпеген бұталарды менсінбей,
Шықпайды жел маңымыздан біздердің.
Бүрсіз бұта сағынады жыл құсын,
Қыртыстанып мұз боп жатыр күллі ішім.
Сүттей аппақ аңғал күнін аңсайды,
Іртік-іртік іріп кеткен тұрмысым.
Ал сіз күліп тұрдыңыз,
Көптен күткен көктем болар құрбыңыз.
Айтыңызшы, бұған дейін көрінбей,
Қай көшемен, қалай тыныш жүрдіңіз?..
2001.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу