Өлеңдер ✍️

  30.10.2021
  126


Автор: Серік Сағынтай

Үшеу

Бір-бір үйдің бір-бір жалғыз ұлы едік,
Дос-жақынын бауыр қылған тағдыры.
Бір әлемнің жалқы жалқын Күні едік,
Кеңістігін кестелеген таң нұры.
Үшеуіміз де бір ғасырдың төлі едік,
Бірге естідік өткен күннің сызды үнін.
Көппен бірге сан думанға бөледік,
Жалғыздықтың жиырмасыншы жүз жылын.
Жалғызбыз деп айтпадық біз бірақ та,
Көпшіл досқа қоңсы қонған көршіміз.
Үшеуімізге ортақ арман-мұрат та,
Үшеуіміздің бөлінбеген еншіміз.
Үшеу едік...
Екеу-ақпыз бүгінде,
Өр ғасырдан өтпей қалды сол жалғыз.
Көбейеміз, көбейеміз түбінде,
Болашаққа топпен сәлем жолдармыз.
Үшеу, екеу, жалғыздың да жан жырын,
Түсінеді-ау дос таба алмай жүрген ер.
Жалқы туып, көппен көрген тағдырым,
Жалғыздықтың көзін құртар күн келер!
Дәл сол күнге — түбі, ақыры бір келмек,
Әзірленем әспетті әсем дәмемен.
Сұраймысыз «сол үшеуі кімдер?» деп,
Мен айтайын —
Атам, Әкем және мен...



Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу