Өлеңдер ✍️

  30.10.2021
  227


Автор: Серік Сағынтай

Сары арқа, салқар сағым далам-ай

Сары арқа, салқар сағым далам-ай,
Толқын да толқын көзді арбар.
Көлге бас қойып дамылдағандай,
Жезкиік қырлар, жез таулар.
Балқашты көлдің бал құрағындай,
Балбырауындай балдәурен.
Жағаңнан тапқан жан құмарымды-ай,
Шағалаң болдым самғаумен.
Ғаламдық сонар сапарда құрбан,
Ақбөкен арман — шер бұққан.
Саф алтын мысың жаһанға ағылған
Жезкиіктер ме еді жер жұтқан?!
Желбезегіне жебе қадалған,
Алабұғадай арманым.
Батыр бабамның төбеде қалған,
Мұраты — мирас, жалғарым.
Шағала құмға салған ұяның,
Арманай — әні, ары — дем.
Пейілі шалқар ел дарияның,
Қаракөз* атты балығы ем.
Қаракөз халық, қаракөз балық —
Ақ толқын сүйген ардағым.
Анталап аңдыр алакөз-қауіп,
Қаптырмасыншы қармағын.
Жезкиік қырлар, кенді бөктерлер
Төрі атансын деп ғаламның.
Толқыны болайын елжіреп тербер
Балқаштай қалқа-қаламның!..

*Қаракөз балық – орысша вобла. Балқаш бассейнін мекендейтін алабұға тұқымдас балық




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу