Өлеңдер ✍️

  30.10.2021
  512


Автор: Серік Сағынтай

Бейбарыстың елге оралуы

Жолына басты тігіп Һақ Тәңірдің,
Боз таңда мақпал қара атқа міндім.
Бозаңға боз жусандай бұрлыға өсіп,
Көктемде көк Ніл болып ақтарылдым.
Ей, Жалған, тыңда мендей шермендені,
Елес боп еске түспес ел мен жері.
Құл тірлік несіп екен өлмеген соң,
Дүние — бесік екен тербелмелі.
Дүние — зеңгір көктей нұр саулаған.
Сұм тағдыр, құл талқысы құрсаулаған.
Өткен күн — өткелегі өкініштің,
Қара үңгір қапас екен күн шалмаған.
Боз жусан, бозаңға өскен бір білерім,
Кеудемді кер намыс боп тілгіледің.
Сұлтандық ұлтандықты ұлтарақ қып,
Беріш боп қатып кеткен сұм жүрегім.
Беріш-мұң көкірекке шемен байлап,
Егілсем, еңсе кермес емен-қайрат.
Көзіме боз жусан боп елестейді
Боз таңда шық тұнатын ежелгі аймақ.
Кеудеме кер намыстың өрті құлап,
Белесте бел шешпеппін беркініп ап.
Боз жусан, сенен сезіп далам иісін,
Денеме дәрмен кірді, дерт ыдырап.
Қарт тәннің дерті ыдырап, шері кеміп,
Туған жер!
Саған келдім тебіреніп.
Шық тұнған боз жусанды бір иіскейін,
Анамның көзі ғой деп еміреніп.
Ей, Жалған, тыңда мендей шермендені,
Пендеңнің тынар сапар-сергелдеңі.
Жусанға басым төсеп көз жұмайын,
Дүние — бесік екен тербелмелі.
Ей, Жалған, тыңда мендей шермендені!..



Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу