Өлеңдер ✍️

  30.10.2021
  89


Автор: Серік Сағынтай

Мәліксай. Мәди моласы

Мына ауаға тұнып қалған сықылды
Мәди-жырдың мәрт, тәкаппар бітімі.
Қына, тасқа сіңіп қалған сықылды
Жасановтың мылтығының түтіні.
Қарағайдың шайыры боп шыққандай,
Қақабайдың қарау-қасіреттері,
Қылқанына жас қайғы боп жұққандай,
Қази қыздың жамал-жасыл көктемі.
Құстарының қиқуына көшкендей,
Қояндының жәрмеңкесі тарқаған.
Құштар үні Тәтті-күй боп ескендей,
Арқалансаң, күйді тыңдап, арқалан!
Мөлдірлікті биік тұтар мәрттігі
Шайтанкөлдің шарасында шүпілдеп.
Зеңгір көктен саулап тұрған нарт-нұры
Жайсаң ердің жүрегінде лүпілдеп.
Қоңыр самал тербеткендей аңызды,
Төрге өткендей жерден өріп бар киең.
Қоңыр кеште күбірлеген тәрізді
Жиренсақал әулием!..
Қарқаралы — көшірмесі жұмақтың,
Адамзаттың ең ежелгі мекені.
Саған жетсем көкірегімнен құлап мұң,
Көне тарих көз алдымнан өтеді.
Өтер өмір, көшер бастан шіркін күн,
Сенен табар тәубе-тірек бұ қазақ.
Қарқаралы — қара орманы рухымның,
Қасиетіңе мың мәртебе мінәжәт!
...Мына ауада тұнып қалған сықылды
Мәди үні — ұлт ұраны, ұлт үні.
Мына дөңде шіріп қалған сықылды
Жасановтың мылтығы!..



Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу